Ұшақта өзіңмен бірге алуға болмайтын заттар тізімі

Ұшақта өзіңмен бірге алуға болмайтын заттар тізімі
Фото: ru.freepik.com

Ұшақпен жиі ұшатын адамдар әуе тасымалы ережелерін баяғыда жаттап алды. Бірақ ұшаққа бірінші рет отырайын деп жатқан немесе ұшақпен сирек ұшатын адамдар әуежайда қолайсыз жағдайға тап болуы мүмкін. Сізге қымбат нәрсені өткізбей алып қалмас үшін әркез қол жүгі және багаж тасымалы ережесін бір қарап шыққан дұрыс. Қауіпсіздік қызметі сіз тұрмыста қолданатын үйреншікті заттардың өзін алып қалуы мүмкін.

Қол жүгіне не алуға болмайды?

1. Өткір заттар. Өзіңізбен бірге кабинаға ұстара, білдек, шанышқы, кеңсе пышақтары, үлкен қайшы және бұранда секілді заттарды алмағаныңыз жөн. Қысқыштар мен тырнаққа арналған қайшыны да багажға тапсырған жөн. Электрлік ұстараны ғана қол жүгіне алып жүруге тыйым салынбайды.

2. Сұйықтықтар. Сұйық заттар мен гельдерді тек 100 мл-ге дейінгі және қақпағы қатты жабылатын, түссіз контейнерлерде  тасымалдауға болады. Ал 100 мл-ден асатын сұйық заттарды багажға салыңыз.

3. Техника. Егер ол қол жүгі габаритіне келетін болса, жалпы әуе компания техникаға байланысты қандай да бір шектеу қоймайды. Қол жүгіне электронды темекіні салуға болады, бірақ салон ішінде темекі тартуға рұқсат жоқ. Кей компаниялар өзіңмен бірге блендер алып келмеуді сұрайды, себебі оның өткір пышақтары бар.

4. Хобби тауарлары. Әдетте, үлкен болса да, домбыра, жетіген секілді музыкалық аспаптарды қол жүгі ретінде алып кіруге рұқсат беріледі. Спорттық құрал-жабдықты багажға тапсыруды ұсынады. Оларға коньки, шаңғы, сноуборд, скейтборд, садақ, серфингке арналған тақтай жатады. Тек допты ғана салонға кіргізуге рұқсат береді.

5. Тамақ. Сұйық тамақтарға сұйық заттарға секілді шектеу бар. Олар 100 мл-ден аспау керек. Ал қатты тамақтарды өзіңізге керек мөлшерде ғана аласыз. Ал балалар тамағына келсек, оны ұшу кезінде қанша керек болады, сонша ала аласыз.

6. Дәрі. Егер сұйық дәрі болса, оны да тек 100 мл етіп ала аласыз. Егер қатты дәрі болса, шектеу жоқ. Ұшаққа сынапты термометр алып кіруге болмайды.

Багажға не салуға болмайды?

1. Жарылатын заттар: порох, петарда, бенгал оты.

2. Тез тұтанатын заттар. Багажға аэрозоль сияқты заттарды, мысалы, бояуы бар баллон, сондай-ақ бензин, оттыққа қажетті сұйықтықтар, тіпті, ацетон салуға болмайды. Бұл ереже, жеке күтім құралдарына – мысалы, дезодоранттарға қолданылмайды. Сіріңке мен оттықтарды багажға салуға рұқсат етілмейді, бірақ бұл заттарды бір-бірден қол жүгіне алуға болады.

3. Химикаттар. Ұшаққа хлор, ағартқыш, сынап, органикалық пероксидтерді, тотықтырғыштарды және әртүрлі қышқылдарды алуға болмайды.

4. Қару. Багажға пневматикалық мылтықтар мен электр есеңгіреткіштер салуға рұқсат етілмейді. Егер сізге қарудың қандай да бір түрін алып жүру қажет болса, міндетті түрде оны тасымалдау жайлы әуе компаниясымен келісіп, қандай қосымша құжаттар қажет екенін білуіңіз керек. Егер сізде аңшы мылтығы болса, сізден аңшылық лицензия сұралуы мүмкін.

5. Радиоактивті материалдар мен улы заттар.

А. Жапатова