Өрісте жүрген мал арасынан табылған қар барысының жағдайы түзеліп келеді

Өрісте жүрген мал арасынан табылған қар барысының жағдайы түзеліп келеді

Алматы зообағындағы қар барысының жағдайы түзеліп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зообақтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 сәуірде Алматы облысындағы Сарыбастау ауылынан 2,5-3 жастағы қар барысы әкелінген.

"Жыртқыш жануар әбден әлсіреген, сол жақ алдынғы аяғының табаны мен артқы аяқтарының табанында кесілген жарақаттары болды", - деп хабарлады зообақ.

Ветеринар дәрігерлер бақылау жүргізіп, оның аяқтары жарақат салдарынан дірілдейтінін анықтаған.

Мамандар иммунитет көтеретін дәрілер салып, жарасын таңғаннан кейін барыс арнайы жеке вольерде карантинге орналастырылған.

"Жыртқыш жануар күшті стресс алған, біз оны барынша мазаламауға тырысамыз. Тәбеті жақсы, күніне 2,5 кг ет жейді сиыр, тауық, қоян еті. Қазіргі уақытта жағдайы түзеліп келеді. Жануардың денсаулық жағдайын толық анықтау үшін сынамалар тапсырылды және рентгенге түсірілді, нәтижелерін күтіп отырмыз", - делінген хабарламада.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Алматинский зоопарк (@almatyzoo)

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы ауыл маңында өрісте жайылып жүрген мал арасынан қар барысы табылғанын хабарлаған едік. Жергілікті малшы 19 сәуір күні малын өріске жайып жүргенде қар барысына кезіктіргенін айтып, Райымбек аудандық полиция бөліміне хабарлаған.

"Барыс табылған жерге орманшылар мен табиғатты қорғау полциясының қызметкерлері жетеді. Ветеринар мамандар аңның жағдайын тексерді. Әбден әлсіреген жыртқышты Алматы хайуанаттар бағына жеткізуді ұйғарды. Қазір барыс зоббаққа орналастырылды. Оның жағдайы зоология институты мамандарының қадағалауында", - деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрлан Орманбеков.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан