"Үш баласын өлтірген ақтаулық "Жусан" бағдарламасымен келген": полиция ақпаратқа пікір білдірді

Үш баласын өлтірген ақтаулық "Жусан" бағдарламасымен келгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстау облысы ПД мәліметінше, "Көреміз" бағдарламасына пікір білдірген учаскелік полиция инспекторының мәлімдемесі тексерілген. Полицей күдікті қазақстандықтарды Сириядан қайтару жөніндегі "Жусан" бағдарламасымен келгенін және есепте тұрғанын айтқан еді.

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан қызметкермен алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді", - делінген ПД хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда үш баласын өлтірді деген күдікпен олардың әкесі ұсталғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, Ақтауда әкесі өлтірген үш баланың анасы жағаұстатар жайтқа пікір білдірді. 

Қанды қылмыс болған кезде үш баланың анасы Атырауда болған. Ал балалар Ақтауда әкесінің үйінде болған. Үш баланың анасының сөзінше, ел арасында тараған жат ағым туралы пікірге ақталғысы келмейді.

"Айта берсін, мен ешкімнің алдында ақталмаймын. Намаз оқитыным рас. Намаз оқимын, рас. Вахабист дейді, маған бәрібір. Сөйлей берсін, ешкімнің аузына қақпақ болмаймын. Өз-өзіме жауап беремін. Балалар Аллаға қайтты. Сол адамның себебімен Аллаға қайтты. Болды", - деген әйел бағдарламаға.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!