Қарағандыда рестобар маңында студент өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Қарағандыда 19 жастағы жігіт бір соққыдан кейін мерт болды. Мейрамхана иесі оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Патриот" Telegram-арнасына сілтеме жасап. 

Сәуірдің 30-на қараған түні 19 жастағы Нұржан ағасы және достарымен Tedd мейрамханасында болған. Келесі үстелде тағы бір топ адам отырған.

"Екі жақ та тыныш болды, ешқандай жанжал болған жоқ. Есепті төлеп, мейрамханадан шығып кетті. Олар жолдан өтіп, трансформатор станциясының маңында сөйлесе бастады", - дейді Tedd мейрамханасының иесі.

Қайғылы оқиға көшедегі бейнекамераға түсіп қалған. Жігіт екі рет соққы алған. Әңгімелесу барысында 24 жастағы күдікті күтпеген жерден Бөкетов атындағы университеттің студенті 19 жастағы Нұржанның бетіне тосын соққы жасаған. Жігіт құламаған, кейін күдікті екінші рет кеудесіне не асқазанына тепкен.

Студент қара көліктің қасында есінен танып құлаған. Жақын жерде тұрған ағасы жүгіріп келіп, оны есін жимақшы болған. Бірнеше минуттан кейін дәрігерлер келіп, оның мерт болғанын хабарлады.

Күдікті дәрігерлердің және полиция қызметкерлерінің келуін күтпеген. Ол көлікке отырып кетіп қалды. Қазір ол тергеушіге айғақ беріп, қамауға алынды.

Рестобар иесі қайғылы оқиға орнынан түсірілді деген жалған видеоны таратпауға шақырады.

"БАҚ-тан ақпаратты тексеруді сұраймын, жалған ақпаратты таратпауын сұраймын. Бұл өтірікті көрген туыстарына ауыр тиіп жатыр. Оның үстіне, мекеменің беделіне нұқсан келіп отыр. Өйткені қайғылы оқиға мейрамханаға ешқандай қатысы жоқ. Мекеменің ішінде ешқандай жанжал болған жоқ. Сонымен қатар, мекеме аумағында да жанжал болған жоқ. Барлығы жолдың арғы жағында, трансформатор станцияның маңында болды. Бұл оқиғаны естігенде мен бірден көшеге жүгіріп шықтым. Жедел жәрдем қызметкерлері жәбірленушіні қалай алып кеткенін көрдім. Мен үнемі рестобардамын және қызметтік қауіпсіздікті,  іштегі жағдайды бақылап отырамын. Марқұм жігіттің отбасына ортақтасып көңіл айтамын. Бұл - бәріміз үшін үлкен қасірет....", - деді мекеме иесі.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыдағы мейрамханада төбелес шығып, 19 жастағы жігіт бір соққыдан мерт болғанын хабарлаған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!