Күдебаевқа сот үкімі шықты

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетісу облыстық соты мәліметінше, Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтіні белгілі болды.

Сот Күдебаев Полиция департаментінің бастығы және сол кезде облыс коменданты бола тұра 2022 жылғы 5 қаңтарда сағат 17.00-де жедел жағдай күрделі екенін ескере отырып, қажет болған жағдайда атыс қаруын қолдана отырып, ғимаратқа шабуылды тойтаруды, мүлікті қорғауды көздейтін Департамент ғимаратын қорғау жөніндегі "КАМАЛ" арнайы жедел жоспарын енгізгенін анықтады.

"Алайда сағат 18.20-да К. жеке құрамға қорғаныс шараларын қолданбауға, Департамент ғимаратынан кетуге және тұрғылықты жеріне тарауға бұйрық берді (яғни олай беруге құқығы жоқ бұйрық берді), өзіне сеніп тапсырылған учаскеден қызметтік автокөлікпен кетті. Нәтижесінде шабуылшылар ғимаратқа еркін кіріп, жауынгерлік қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденді, бұл ауыр зардапқа әкеп соқты", - делінген сот хабарламасында.

2022 жылғы 7 қаңтарда жауынгерлік қарумен қаруланған Полиция департаменті қызметкерлері Күдебаевтың нұсқауы бойынша әрекет етіп, жаппай тәртіпсіздікке қатысуы мүмкін тұрғындарды ұстай бастаған және оларды Полиция департаменті ғимаратына жеткізген, сағат 13.33-те олар қаланың екі тұрғынын заңсыз ұстаған.

"Осы уақытта К. аулада болған кезде полиция қызметкері жерде жатқан А.-ға қалай ішіне соққы бергенін көрді, басқа да анықталмаған полиция қызметкерлерімен жәбірленуші А.-ға физикалық жарақат салуға жол берген. Бұдан әрі жәбірленушілер департамент ғимаратына жеткізілді, онда оларға қатысты азаптау жалғасты, бірақ К.-нің қатысуынсыз", - делінген хабарламада.

Сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

"Сот ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты зерттей, жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі, 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп таныды және оған құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды атқару құқығынан 10 жылға және 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны түпкілікті тағайындады. К.-ны полиция генерал-майоры атағынан және 2-дәрежелі "Даңқ" және "Айбын" мемлекеттік наградаларынан айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізілсін", - делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, былтыр сәуірде бірнеше аймақтағы Полиция департаменттері мен ҰҚК басшылары қаңтардағы тәртіпсіздік бойынша күдікті деп танылды. Екі аптадан кейін ІІМ басшысы Серік Күдебаевты қызметінен босатты. Содан кейін ол өз еркімен кеткені туралы хабарланды. Ал мамырда қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілер тізімінде Күдебаев та бар екені белгілі болды.

Сондай-ақ, биыл 5 қаңтарда Мәжілісте Алматы облысы ПД бастығы Серік Күдебаев түсіп қалған видео көрсетілді. Кадрларда ол қарулы күзетпен өзі күзетуі қажет болған департамент ғимаратынан кетіп бара жатады.

Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ, Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді. 

Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі

Кейін Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, оның жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерінен өтпегені хабарланды. 

Ал ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін жерді іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал БАҚ-та "генерал Солтүстік Кипрде жүр" деген ақпарат та тараған еді. Бас прокуратура Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткені туралы мәлімдеме жасады. 

Қашқын генерал Күдебаевтың тауда жеке шаруашылығы бар - ҰҚК

Ал кеше Бас прокуратура генерал Күдебаев ұсталғанын растады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!