"Қолдарында автомат". Балғынбек Имаш шетелде "террорист" деп ұсталғанын еске алды

Танымал айтыскер Балғынбек Имаш өткен күндерін еске алып, қызық оқиғасын бөлісті. Бірде Айнұр Тұрсынбаевамен шетелге сапарында үлкен мәселе туындапты. Айтыскер бұл туралы "Кімнің есінде" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірде олар айтысқа байланысты шетелге іссапармен барған. Ал сапар барысында бірден діттеген жерге ұшатын мүмкіндік болмай, бірнеше ел арқылы жеткен.

"Қырғыз бен қазақтың айтысы ЮНЕСКО-ға енетін болып, кейін сертификаты келді. Сол сертификаттың келуіне себеп болдық. Африканың Намибия деген мемлекетіне бардық Айнұр екеуміз. Намибияға Франкфурттан тікелей ұша алмайды екенбіз. Оңтүстік Африкаға барып, кейін тағы барып, әрі қарай ұшуымыз керек болды. Бірақ екі мемлекетті аттағаннан кейін сол мемлекеттің визасын алу керек екен. Біз енді Қазақстаннан ұштық, Германия, одан кейін Оңтүстік Африканың визасы керек деді. "Оңтүстік Африкада тұрмаймыз, әрі қарай Намибияға кетіп қаламыз" деп едік, сөйтіп, бүкіл жолаушы ұшып кеткенде, Айнұр екеумізді алып қалды әуежайда. Франкфурттың әуежайында тіл білмейміз, ағылшынша білмейміз, тұрмыз. Орысшамыз түкке жарамай қалды. Екеуміз күтіп отырмыз. Министрлікке "ұшырмай қалды" деп, хабарласып қойғанбыз", - дейді ол.

Кейін оны "террорист" санап, тіпті қызық оқиға болған екен. 

"Терроризм, әр жерде жарылыстар болып жатқан кез. Менің сақалым бар, басымда тақия. Айнұр да сол кезде оранып алған. Әуежайда сөмкемді бір жерге қойып, әрі қарай дәретханаға кіріп кеткенмін. Камераның бәрінде "сақалды адам келіп, сөмке қойып кетті" деп әуежайдың бәрі шулап кеткен. Айнұр ер адамдарың дәретханасына кіріп кеткен. "Балғынбек, Балғынбек, қайдасың?" деп кабинкаларды ұрып жүр. "Не болды?" десем. "Полиция келді" дейді. Сыртқа шықсам, сөмкемді әскер қоршап алған. Қолдарында автомат. Мені шығарып алды. "Ананың ішінде не бар? Құжатыңды бер" деді. Құжатым сөмкемде. Сөмкеме барайын десем жібермейді. Айнұр қорқып кеткен. Әуежайды бір шулатып, түсіндіріп, "өнерпаздармыз, айтыспен ЮНЕСКО-ның жиналасына бара жатырмыз" деп, Айнұрдың құжатын көрсетіп, ана кісілерге тіліміз жеткенше түсіндірдік. Одан кейін сөмкемнен құжатымды көрсетіп, ішін ашып, қауіпті ештеңе жоқ екенін көрсеткеннен кейін ғана олар қатаң ескерту жасап, түсініктеме жазғызды. Біраз қызық болған. Ең қызығы сол ғой" , - деп еске алды ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!