Дана Есеева үйқамаққа алынған күйеуі Мейіржан Төребаев қазір немен айналысып жатқанын айтты

Танымал блогер Дана Есеева қаржы пирамидасы схемасына қатысы бар деген айып тағылған күйеуі Мейіржан Төребаев туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол "Қыздар-ай" бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті. Мейіржан былтыр желтоқсанда үйқамаққа алынды. Блогердің айтуынша, күйеуі қазір үйде шығармашылықпен және балалармен айналысады.

"Үйқамақта отыр ғой. Ол қазір екінші сценарий жазып жатыр. Бірінші сценарийін отырған жерінде жазып бітті. Бұрыннан бері істеген ісімен айналысып жатыр. Шығармашыл адамды төрт қабырғаның ішіне отырғызсаң да, бәрібір ойлауға кедергі жасай алмайсың. Өз ісін жалғастырып жатыр. Ол қазір балалармен, олар бір-бірін танып жатыр. Бұрын Мейіржан таңнан кешке дейін жұмыста жүретін. Бұрын демалыс күндері тауға шығатын едік. Қазір күні бойы балалармен, мектептен келгесін оқытады, сабағын жасайды, ақылын айтады. Мейіржан маған "әйелдер сондай мықтысың" деді, "балалармен айналысуға күш пен энергия керек, оның үстіне жұмыс бар, үй бар" деп таңғалды", - дейді ол. 

Дана Есеева күйеуі туралы ақпараттан балаларын қалай қорғағанын айтып берді. 

"Біріншіден, шындықты айттым. Балаға шындық керек. Алдамай, "әке түсірілімге кетті, міне келеді" деген ертегі айтпай, шындықты білсін дедім. Ертең біреу сыртта, мектепте сөз айтса, өзін қорғай алатындай жауабы болу керек. Шындық - ең күшті жауап. Сондықтан шындықты айттым. Әрі қарай өздері біледі, түсінеді, кішкентай балалар емес. Олар бәрін түсінді. Менің ойымша, олар үйдегі махаббатты сезді", - дейді ол. 

Еске салайық, қазақстандық танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов былтыр сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасы схемасына қатысы бар деген айыппен қамауға алынған болатын. Олар күдікті деп танылып, түрмеде отырды. Олардан басқа іс бойынша жауапкер, үшінші вайнер Әзімжан Саидбаев бар. Оған іздеу жарияланған.

Ал 2022 жылғы желтоқсанда танымал вайнер және блогер Мейіржан Төребаев тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алынды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!