Визасыз режим енгізілсе, қытайлықтар елімізге ағылып келмей ме? СІМ жауабы

Визасыз режим енгізілсе, қытайлықтар елімізге ағылып келмей ме? СІМ жауабы
Фото: bbc.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізу жоспары қоғамда қытайлықтардың елімізге ағылып келуіне қатысты пікірталас тудырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Смадияровтың айтуынша, Қытаймен өзара визалық талаптардан босату туралы келісім әлі талқыланып жатыр: оған әлі қол қойылмаған және күшіне енген жоқ. Сонымен бірге Смадияров Қытай азаматтарының қазірдің өзінде Қазақстанда 14 күн визасыз жүре алатынын еске салды.

"Қытай азаматтарының Қазақстанға қоныстанып алуы мүмкін деген уәждің еш негізі жоқ. ҚХР азаматтарының 2022 жылғы маусымнан бастап Қазақстанда 14 күн бойы визасыз жүріп-тұра алатынын еске саламын. Ағылып келіп, біздегі жұмыс орындарды тартып алады деуге негіз жоқ. Біз бұған дейін оларға шекараны ашып қойғанбыз", - деді СІМ ресми өкілі.

Жаңа келісім жобасының талаптарына сәйкес, Қытай азаматтары жеке шаруалары, туризм, ем-дом, халықаралық тасымалдау, транзиттік және іскерлік мақсатта Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз бола алады. Сонымен бірге визасыз режим аясында оларға және басқа да шетелдіктерге Қазақстанда еңбек етуге немесе өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салынады.

Бұған дейін Қазақстан мен Қытайдың өзара визасыз режим енгізетіні хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан