Қытай азаматтары енді Қазақстанға визасыз кіре алады

Қытай азаматтары енді Қазақстанға визасыз кіре алады

Қазақстан мен Қытай Үкіметі визасыз режим енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай қаулының жобасын Сыртқы істер министрлігі әзірледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, уағдаласушы тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары осы келісімнің 2-бабында көрсетілген жарамды жол жүру құжаттарының иелері жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісімшарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында екінші уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге, күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын бір мәрте немесе көп мәрте келу, кету, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады.

Егер осы елдердің бірінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағында көзделген мерзімнен ұзағырақ қалуға ниет білдірсе, онда олар мемлекет аумағына кіргенге дейін тиісті визаға өтініш беруге тиіс.

Қазақстандықтар үшін жарамды жол жүру құжаттары:

  • ҚР азаматтының төлқұжаты;
  • ҚР аумағына қайту туралы куәлік.

Қытай азаматтары үшін:

  • ҚХР азаматының жартылай қызметтік төлқұжаты;
  • ҚХР азаматының төлқұжаты;
  • уақытша жол жүру құжаты.

"Келісімге қол қою Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға серпін береді", - делінген қаулыда.

Құжат 19 сәуірге дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.

Айта кетейік, тараптар өзара визасыз режимді 2022 жылдың маусым айында талқылады. Кейін Қазақстан біржақты тәртіпте Қытай азаматтары үшін 14 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге визасыз режим ашты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан