"Медициналық көмектен бас тартты". СІМ АҚШ-та шабуылға ұшыраған қазақстандық туралы айтты

"Медициналық көмектен бас тартты". СІМ АҚШ-та шабуылға ұшыраған қазақстандық туралы айтты

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та қарақшылармен төбелесіп, зардап шеккен Олжас Қалдыбаевқа қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан консулы АҚШ-та шабуылға ұшыраған азаматызбен байланыста.

"Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыскерлерді анықтау және іздеу шараларын жүргізіп жатыр. Консул оған дереу хабарласқан, ол жәбірленушімен және жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста. Төбелес кезінде жеңіл жарақат алғанына қарамастан, медициналық көмектен бас тартты, оның денсаулығына ешқандай қауіп жоқ", - деді ол.

Айбек Смадияровтың айтуынша, қазақстандық АҚШ-та білім алып жатыр.

"Ол мамандығы бойынша әуе диспетчері және Латвияда білім алған. Ол осы бағдарлама аясында Латвиядан Майамидегі екі айлық курсқа білігін арттыруға барған", - деді Смадияров.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тағы қазақ өзін тонамақшы болған үш жігітпен төбелесіп, қаруын тартып алғанын жазған едік. Мassaget.kz тілшісі қазақстандық Олжас Қалдыбаевпен байланысқа шығып, оқиғаның мән-жайын анықтап, сұхбат алды.

Олжас телефон алып сатады. Америкаға келгесін де осы іспен айналысып жүрген. Сайт арқылы iPhone 13-тің 200 долларға сатылатынын білген, кейін байланысқа шығып, айтылған мекенжайға барған.

"Айтылған жерге 3 сағат жүріп келдім. Өзім ораза едім. Қатты шаршап қалдым. Күн ыстық. Бір кезде "тупик" көшеге тап болдым. Ол жерде бір қара нәсілді жігіт тұр екен. Барып сөйлестім. Байқамай қалыппын оның тағы да екі афроамерикалық досы келіпті. Қолдарында бір тапанша, тағы бір мылтығы бар екен. Қаруын кезеп: "Give me your bag!" деп сумкамды сұрады. Ішінде ақшам, құжаттарым бар еді. Паспортымды алып үлгердім. Сумкамды алып, олар қашты. Алдымызда биік шарбақ бар еді. Содан секіріп өтіп жатқанда ойландым. Әйелім мамыр айының соңында босанатын еді. Соған қалжа керек дегендей, жалпы көп ақша кетеді ғой. Соны уайымдап, мұнда телефон алып сатып жүргем. Ақшаның бәрі сумкада кетті. Намысым оянды. "Не, бәрін соларға жай ғана беріп қоясың ба? Үйге не деп айтам, достарыма не деп қараймын" деген ой келді", - деді Олжас Қалдыбай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан