"Майамиде енді аңызсың". АҚШ-та 3 қара нәсілдімен төбелескен қазақпен сұхбат

"Майамиде енді аңызсың". АҚШ-та 3 қара нәсілдімен төбелескен қазақпен сұхбат
Фото: Олжас Қалдыбай

АҚШ-тағы қазақ өзін тонамақшы болған үш жігітпен төбелесіп, қаруын тартып алғанын жазған болатынбыз. Мassaget.kz тілшісі отандасымыз Олжас Қалдыбаевпен байланысқа шығып, аталмыш оқиғаның мән-жайын анықтады.

Олжас Қалдыбаев (суретте) – Кентау қаласының тұрғыны. Жасы 24-те. 15 күн бұрын АҚШ-тың Майами қаласына оқуға келген

"Бұрын мұнай-газ саласында жұмыс істедім. Кейінгі уақытта авиацияда оқып жүрмін. Қазаэронавигация компаниясы ұшуды практикалық түрде үйрену үшін АҚШ-қа оқуға жіберді. Қазір Майами қаласындамын", - дейді ол.

Бапкеріміз "бокс өзіңді қорғау үшін керек" дейтін

Кейіпкеріміз Кентаудағы Қанат Шағатаев мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүріп спортты да жанына серік етіп, бокспен айналысқан.

"Ұстазым Мақсат деген бапкер еді. Өте иманды адам.  "Көшеде төбелеспеңдер. Бокс тек өзіңді қорғау үшін керек. Біреуге күшіңді көрсету үшін емес" деп ылғи айтып отыратын. Соның пайдасы тиді", - дейді Олжас.

Әйелім жүкті еді, бірден намысым оянды

Олжастың телефон алып сататын хобиі бар. Америкаға келгесін де осы іспен айналысып жүрген. Сайт арқылы айфон 13-тің 200 долларға сатылатынын білгесін, байланысқа шығып, айтылған мекен жайға келген.

"Майами Алматыдан 3 есе үлкен. Айтылған жерге 3 сағат жүріп келдім. Өзім ораза едім. Қатты шаршап қалдым. Күн ыстық. Бір кезде "тупик" көшеге тап болдым. Ол жерде бір қара нәсілді жігіт тұр екен. Барып сөйлестім. Байқамай қалыппын оның тағы да екі афроамерикалық досы келіпті. Қолдарында бір тапанша, тағы бір мылтығы бар екен. Қаруын кезеп: "Give me your bag!" деп сумкамды сұрады. Ішінде ақшам, құжаттарым бар еді. Паспортымды алып үлгердім. Сумкамды алып, олар қашты. Алдымызда биік шарбақ бар еді. Содан секіріп өтіп жатқанда ойландым. Әйелім мамыр айының соңында босанатын еді. Соған қалжа керек дегендей, жалпы көп ақша кетеді ғой. Соны уайымдап, мұнда телефон алып сатып жүргем. Ақшаның бәрі сумкада кетті. Намысым оянды. "Не, бәрін соларға жай ғана беріп қоясың ба? Үйге не деп айтам, достарыма не деп қараймын" деген ой келді", - дейді Олжас Қалдыбай.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Олжас Каныбек (@oljas.kanybek)

Біреуінің тісін сындырып, қаруларын тартып алдым

Осы ойдан кейін кейіпкеріміз олардың ізіне түскен. Бірін аңдып жүріп, ұстап алған.

"Байқамай тұрғанда жүгіріп барып, алдымен қаруын жұлып алдым. Басынан қарумен ұрып құлаттым. Құлаған кезде оның айфон 13 телефоны менің ақшамның бір бөлігін алған екен, сол түсіп қалды.  Мен оларды алып жатқан кезде ол қашып үлгерді. Ізінен қуып барып ұстап алдым. Сол кезден бастап видео түсірдім. Одан аты-жөнін, қайда тұратынын сұрадым", - дейді ол.

Дәл осы уақытта бұлар төбелесіп жатқан жердің қасындағы үйден АҚШ азаматы шыққан. Отандасымыз оған тез арада полиция шақыруды өтінген.

"Қара нәсілді жігітті отырғызып қойдым. Полиция қызметкерлерін күтіп отырдық. Дәл сол кезде бұзақы жігіттің екі досы оны құтқару үшін қайтып келіпті. Мен оларды байқамай қалдым. Тұтқиылдан арт жағымнан шабуыл жасады. Бірі толықтау екен. Сол мені итеріп құлатты. Тұрып жатқанда тапаншамен маңдайымнан ұрды", - дейді Олжас.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Олжас Каныбек (@oljas.kanybek)

Кейіпкеріміз мұндай кезде абдырамай, оқиғаларды салқынды қабылдаған. Қатты соққыдан есін жоғалтпай, жылдам жағдайды өз бақылауына алған.

"Бокс осындайда көмек берді. Үшеуін де ұрдым. Бірінің ұрып тісін сындырдым. Сол кезде қолым жарақаттанды. Бір жігіт жағынан соққы алған еді, қайтып жақындамай қойды. Тапаншасы барының қолын қайырып, бүйрегінің денсаулығын сынап көру үшін 1-2 соққы бердім. Тапаншаны тартып алдым. Содан кейін олар қашып кетті. Тапанша мен тағы бір қару және азын аулақ ақша, айфон 13 телефоны менде қалды", - дейді ол.

Не деген жүрегі бар жігітсің, Майамиде енді 20 жыл аңыз боласың

Полиция қызметкерлері де дер кезінде келген. Алты көлік пен бір ұшақ тез арада бұзақыларды іздей бастаған.

"Полиция қызметкерлері қатты таңғалды. Орысша білетін қызметкерді алып келді. Ол: "Біздің Майамиде мұндай жағдай бұрын болмаған. Не деген жүрегі бар жігітсің! Қазірдің өзінде бүкіл полиция арасында аңызсың. Бәрі сен туралы әлі 20 жыл айтатын болады" деді. Сөйтсем Майамиде тапанша кезенгендерден қаймығады екен. Қарсыласпай бәрін бере береді. Себебі атыс-шабыстан бұл жерде көп адам қайтыс болады. Атып кетеді деп тонаушылардан қорқады екен", - дейді отандасымыз.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Олжас Каныбек (@oljas.kanybek)

Олар мекен жайымды біледі, кек алуға келе ме деп қауіптенемін

Кейіпкеріміздің сумкасын бұзақылар алып кеткен. Құжаттар арасында оның тұратын мекен жайы жазулы екен. Сондықтан қазір Олжас олар кек алуға қайтып келе ме деп қауіптеніп отыр.

"Ұқыпты адаммын ғой. Құжаттарым арасына жоғалып кеткен жағдайда: "тауып алсаңдар, осындай мекен жайға әкеліп беріңдер, өтініш" деп жазып қойған едім. Енді олар менің қай жерде тұратынымды біледі. Сондықтан елшіліктен мені қорғауын өтіндім", -  дейді Олжас Қалдыбай.

Ол мамыр айының соңына дейін АҚШ-та болады. Оқуының мерзімі біткенше ақшасы мен құжаттары табылып қалады деген үмітте.

Айта кетейік, бұған дейін 5 жігітпен төбелескен Лондондағы қазақ жігітімен сұхбаттасқан болатынбыз.

Т. Раушанұлы