Басы дауға қалған қызметкерлердің аяқасты жұмыстан шығуы жауапкершіліктен сытылу емес пе? Заңгер жауап берді

Біздің елде қандай да бір дау туындаса, соған қатысы бар мамандар өз бетінен жұмыстан шығып кетеді немесе сыртқаттануына байланысты демалыс (больничный) алады. Бұл жазадан қашу болып санала ма? Massaget.kz тілшісі заңгер Думан Көпбаевтің пікірін алды.

Мысалы, жақында Өскеменде студент қыздардың төбелесі болды. Білім басқармасы өкілдері төбелесті бастаушылардың бірінің анасы қалалық білім бөлімінде жұмыс істегенін растады. Бірақ қызына қатысты жанжалдан кейін ол өз еркімен жұмыстан шыққанын жаздық. Бұл бір мысал ғана. Мұндай жағдайларды жиі кездестіруге болады.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жүр.

Заңгер Думан Көпбаевтің айтуынша, бұл мәселе заңда қарастырылмаған.

"Өз бетінен жұмыстан шығу немесе сырқаттануына байланысты демалысқа шығып кету бұл жауапкершіліктен қашу болып саналмайды. Себебі бұл заңды түрде дәлелдене алмайды. Бұл жөнінде еңбек құқығы заңы қарастырылмаған. Сондықтан көбінесе қызметкерлер жұмыстан өз бетінен жұмыстан шығады. Бұл жұмыскердің құқығы, ол жұмыстан қай кезде шыққысы келеді, өзі біледі. Немесе  денсаулық жағдайына байланысты демалыс ала алады. Енді нақты қарасақ, бұл жазадан қашу болып саналады, алайда заңды түрде ол Еңбек құқығында да, Еңбек Кодексінде де ешқандай реттелінбеген. Сол үшін де проблемалық сұрақтар туындаған кезде көпшілік солай қолданатыны рас", - дейді заңгер.

Ауырған жағдайда қанша күнге анықтама алуға болатынын мына жерден оқи аласыз.