- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өскемендегі студент қыздардың...
Өскемендегі студент қыздардың жантүршігерлік төбелесі: мамандар жанжал себебін атады
Өскемендегі сауда орталығында студенттер не үшін төбелескені белгілі болды. Қыздар жігітті бөліспеген. Бұл оқиғаның анық-қанығын аймақтың білім басқармасы өкілдері айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандардың сөзінше, жәбірленуші оқитын колледж педагогтары қыздың бетінен көгерген ізді бірінші болып байқап, полицияға жүгінген. Екі қылмыстық іс қозғалған. Ал тәртіп сақшылары күдіктілердің 16 жаста екенін, яғни ата-аналары емес, өздері заң алдында жауап беретінін айтады. "Бұзақылық" бабы бойынша олар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Білім басқармасы өкілдері төбелесті бастаушылардың бірінің анасы қалалық білім бөлімінде жұмыс істегенін растады. Бірақ қызына қатысты жанжалдан кейін ол өз еркімен жұмыстан шыққан.
"Ол Өскемен қаласының білім бөлімінің қызметкері болды. Ол мемлекеттік қызметті атқаруға құқығы жоқ екенін, тәрбиелеуде қате жібергенін айтып, өз еркімен өтініш берді. Колледж студенті сабаққа қатысады, оған куратор тағайындалды. Сонымен қатар, жәбірленушіге құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Ал қалған студенттер қашықтан оқып жатыр", - деді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Еске салайық, бұған дейін Өскемен полициясы камера алдында қатарласын шешінуге мәжбүрлеген бір топ жасөспірімге қатысты жәбірленуші қыздың видеосын тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова