Ақтаулық дәрігерлердің ауызашардан кейін жаппай улануы бойынша тергеу басталды

Ақтаудағы мейрамханалардың біріндегі ауызашардан кейін дәрігерлердің жаппай улану фактісін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтаудағы тамақтану орындарының бірі 50 дәрігер шақырылған ауызашар кезіндегі жаппай улануға байланысты тексеріліп жатыр.

"Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жедел ішек инфекциясы мен гастроэнтерит туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Ауруханаға 16 адам көмек сұрап жүгінсе, оның 10-ы ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта департамент мамандары аурудың ошағын анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деп хабарлады ведомство.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мейрамхананың атын айтудан бас тартты.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық дәрігерлер ауызашар дастарқанындағы астан жаппай уланғанын хабарлаған едік.

Ауызашарға қала, аудандық емдеу мекемелерінен барлығы 50 дәрігер шақырылған.

Пульмонолог дәрігер Индира Атажанованың сөзінше, олар Ақтаудағы мейрамханалардың бірінде ауызашарда болған. Содан ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасына түсіпті. Басқа науқастардың жағдайы әртүрлі, жеңіл, орташа. Кейбіреулері үйлерінде өз бетінше ем-дом қабылдап жатыр.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Нұржанованың айтуынша, ауруханаға 16 адам улану белгілеріне шағымданған. Оның ішінде 6 адам амбулаторлық емге жіберілген, ал 10 адам жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Науқастарда жоғары қызу, құсу, іш өту, жедел ішек инфекциясына тән интоксикация синдромы болған.

Қазір дәрігерлер әріптестеріне қажет емдеу шараларын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде науқастардың жағдайы тұрақталып келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!