Астананың аз қамтылған тұрғындары көмекке жүгіне алады

35 482 теңгеден төмен табыс табатын елорда тұрғындары әлеуметтік көмек ала алады. Бұл туралы Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айгүл Таласованың сөзінше, "Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы" заңның бабына сәйкес, елордада тұрақты тіркеуде тұрған табысы төмен азамат атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.

"Тоқсан сайын тағайындалатын және ай сайын төленетін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін тиісті құжаттарды ұсынуы қажет. Бұл орайда атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткерлер Бейбітшілік көшесі, 14 мекенжайында орналасқан "Жанұя" отбасы институтының қолдау орталығына жүгіне алады", - деп түсіндірді Таласова.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғындар бұл мекемеге табысы туралы мәліметтерді беруі керек. Отбасының жиынтық табысын есептеу туралы заңнамаға сәйкес, табысқа жалақы мен әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын кірістер кіреді. Оның ішінде кейбір әлеуметтік төлемдер, төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексінде көрсетілген балаларға арналған алимент түріндегі табыстар, кәсіпкерлік табыс, жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын жалға беруден және сатудан түсетін кірістер, бағалы қағаздардан түскен табыс, сыйға тарту, жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын және басқа да мүлікті мұраға алу түрінде алынған кірістер, ақшалай қаражатты өтеусіз алу түріндегі кірістер, қолма-қол салымдар түріндегі кірістер және жазбаша өтінішпен расталған басқа да кірістер бар.

Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Астана қаласыдағы кедейлік шегі 35 482 теңге болатынын айтты.

"Егер отбасындағы жан басына шаққандағы орташа табыс осы шектен төмен болса, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық негізінде және отбасының әрбір мүшесіне есептеледі", - деді басқарма басшысының орынбасары.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!