"Бюджет қаражаты тағы да желге ұшып жатыр". Ақмолалық тұрғындар су шайып кеткен жолға ірі тас төселгеніне наразы

"Бюджет қаражаты тағы да желге ұшып жатыр". Ақмолалық тұрғындар су шайып кеткен жолға ірі тас төселгеніне наразы

Зеренді ауданында Ұялы-Ақадыр арасындағы жолды су шайып кетуі салдарынан тұтас ауыл сыртқы әлеммен байланыссыз қалған болатын. Зеренді ауданы әкімдігі өкілі бұл оқиғадан кейін жолға қиыршық тас төселіп, қалпына келтірілгенін жеткізген. Алайда іс жүзінде жолдың әлі де ойраны шығып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл тұрғындары тасқын су бұзып өткен жолдарға төселуі тиіс қиыршық тастың орнына әкімдік балшықпен қоса ірі-ірі тастарды төгіп тастағанын айтады.

"Біздің тас жолға қиыршық тас төселмек болған. Бірақ қиыршық тас деп төгіп кеткені ірі-ірі тастар мен кәдімгі балшық болып шықты. Мұндай тастардан адамдар автокөліктерінің дөңгелегін жарып немесе көліктің өзін де қиратады ғой?! Апат жағдайы да туындауы әдбен мүмкін. Қандай да бір оқыс жағдайлар болса мұның салдарына кім жауап бермек? Бізге мұндай тастар мен балшық емес кәдімгі қиыршық тас керек. Қар яки жаңбыр болса бұл тағы езіліп таз қалпына қайта келеді. Бюджет қаражаты тағы да желге ұшып жатыр", - дейді Кәрима Ерназарова есімді Ұялы ауылының тұрғыны.

Ал Зеренді ауданы әкімдігі бұл төселгені жолды жөндеудің алғашқы бөлігі екенін айтып ақталмақ болды. Ауылға тақтайдай тегіс жол төсеу тек 2024-2026 жылдарға жоспарланыпты.

"Ақадыр-Ұялы жолы учаскесіне жүргізілген қиыршық тас төсеу - жол төсеу жұмыстарының алғашқы кезеңі. Бұдан кейін ірі тастар арнайы техника көмегімен ұнтақталады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл Ұялы-Ақадыр арасындағы жолға жаңадан асфальт төсеуге орташа жөндеу жүргізуге техникалық құжаттамасын дайындау жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру 2024-2026 жылға жүзеге асырылмақ. Тұрғындардан жол жөндеу жұмыстарының аяқталғанын күтуді өтінеміз", - дейді Зеренді ауданы әкімдігі өкілі.

Абзал Алпысбайұлы

Қ. Әбілдәқызы