Тұтас ауыл сыртқы әлеммен байланыссыз қалды: Ақмола облысында жолды су шайып кетті  

Тұтас ауыл сыртқы әлеммен байланыссыз қалды: Ақмола облысында жолды су шайып кетті  

Ақмола облысы Ұялы ауылы тасқын судың салдарынан сыртқы әлеммен еш байланыссыз қалды. Еріген қар суы Ақадыр-Ұялы арасындағы көпір тұсындағы жолды тұтастай шайып өткен. Ағын судың қатты болғаны соншалық - былтыр жөндеу жұмыстары жүрген жолдың талқаны шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күрт еріген қар салдарынан тасжолды бұзып өтіп, жол үстінде терең шұңқырлар пайда болған. Ағын су былтыр күзде ғана төселген қиыршық тастарды түгелдей шайып кеткен. Ұялыдағы ауыл балалары Ақадырдағы мектепке қатынап оқиды. Ата-аналар кешеден бері балаларын мектепке де жібере алмай қалғанын айтып, жыларман болып отыр. 

"Зеренді ауданы әкімдігіне зар илеп жүріп ақыры жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол жеткіздік. Бірақ былтыр күзде "жол төсейміз" деп үлкен-үлкен тастарды әкеліп төгіп тастады. Ал одан көліктеріміз қирап, ауылдағы көп үйдің көліктері жөндеуде жатыр. Кеше ағын су жолымызды мүлде шайып кетті. Балаларымыз Ақадыр мектебіне қатынап оқиды. Жалпы ауылда мектеп жасында 12 бала бар. Дүйсенбіден бастап сабаққа жібере алмай отырмыз. Үш күн бұрын AMANAT партиясына хат жазып, жолды жөндеуге ықпал етуін сұрадық. Партиядан он күшінде жөндеу жұмыстары жүретіні туралы жауап алдық. Әкімдікке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен хабарласқанда осылай депті", - дейді ауыл тұрғындарының бірі Карина Ерназарова. 

Ал ауыл ақсақалы Алдаберген Тәшеновтың айтуынша, жолды осындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын КамАЗ көліктері бұзады. Қанша жөндеу жүргізілсе де ауыр жүк көліктері жолды езіп, ойлы-шұңқырдан көлік өтпестей қылған. 

"Мен бұл мәселені былтыр да айтқанмын. Жолға ауыр жүк көліктерін мүлде жібермеу керек. Былтыр күзде қиыршық тас төседі. Бірақ ол түкке жарамады. Су түгелдей шайып кетті. Кеше қаладан келе жатқанда су шайып кеткендіктен көрші ауылдар арқылы ауылға айналып келдік. Жолды жөндеп, қайта істеу қажет. Әкімдік жобалық-сметалық құжаттама енгізіп, тасжол төселетінін мәлімдеген. Бірақ енді өз балаларымды шығарсам да жолдың үстіне көлденең тұрып КамАЗ-дарды өткізбейміз", - дейді Алдаберген Ташенов. 

Зеренді ауданы әкімдігі өкілі қазір жол ашылғанын, жергілікті атқарушы орган күшімен жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. 

"Қар күрт ерігендіктен, 28 наурызда Ақадыр-Ұялы арасындағы 8 шақырым жолды су шайып кетті. Су басқан аумақ шамамен 200 метр болады. Тас жол тереңдігі 1,5 метр және ені 1 метр шамасында ағып кеткен. Еріген қар суының жалпы көлемі 25 гектарға жуықтаған. Бүгін таңғы 6-да жолдың бір жақ бөлігі ашылып, жолдан автокөліктер жүре бастады. Қазір жергілікті атқарушы орган күшімен автожолдың су шайған бөлігін тегістеу, қиыршық тас пен құм төсеу жұмыстары жүріп жатыр", - деді Зеренді ауданы әкімдігі өкілі.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова