ШҚО-да 50-ден аса әйел перзентханада өз таңдауын жасады

ШҚО-да 50-ден аса әйел перзентханада Мәжіліс және мәслихат сайлауында таңдауын жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеше ғана төртінші баласын жарық дүниеге әкелген өңір тұрғыны сәбиімен бірге таң сәріде дауыс бергенін жеткізді. Өскемендегі Ана мен бала орталығында рауан таңнан сәбилі болған 50-ден астам нәзік жанды өздерінің азаматтық құқықтарын пайдаланды.

"Бүгін елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Перзентханадағы жас және болашақ аналар үшін таңертең сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қаладағы №60 жабық сайлау учаскесінде ұзын-саны 200-ге жуық сайлаушы дауыс береді", - дейді аймақтық ақпарат орталығындағылар.

Күні кеше кішкентайлы болған Эльвира Раянованың сөзінше, бүгін әр тұрғын ел болашағы үшін маңызды қадам жасап жатыр.

"Төрт баланың анасы атанып отырмын. Бүгін жаңа туған сәбиім екеуміз өз таңдауымызды жасадық. Бұл балаларым мен елімнің болашағы үшін таңдау. Менің ойымша, бұл күні әрбір азамат дауыс беруі керек", - дейді көпбалалы ана. Айта кетейік, сайлау қарсаңында облыста 14 сәби - төрт ұл және 10 қыз өмірге келді.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!