Айгүл Иманбаева неге бір жыл елде болмайтынын айтты

Айгүл Иманбаева неге бір жыл елде болмайтынын айтты
Фото: Instagram

Әнші Айгүл Иманбаева бір жылдай елде болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы өнер иесі "Оян" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, 14 наурызда Алматыда "Мен" атты шығармашылық кеші өтеді. Ал бұл концертті "Болашақ" бағдарламасымен оқуға тапсырған кезден бері іштей жоспарлапты.

"Ән кеші жайлы әңгіме көп. Кейбір достарым "Не болды аяқастынан?" деп жатыр. Бұл бір жыл бұрын жоспарыма енген еді. "Болашақ" бағдарламасымен оқуға тапсырғалы жоспарыма енген. Бірақ көпке дейін жариялай алмай күпті болып жүрдім. Өйткені түсемін бе, түспеймін бе деген. Оқуға түскеннен кейін бір жыл елде болмайтындықтан, есеп берейін, шығармашылығымды топшылайын деген себеп болды", - деді ол бағдарламада.

Еске салайық, бұған дейін Айгүл Иманбаева "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға оқуға түскені хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова