"Экологиялық апатқа әкеледі". Қарағанды тұрғындары дабыл қақты

"Экологиялық апатқа әкеледі". Қарағанды тұрғындары дабыл қақты

Қарағандыда кәріз жүйесі әлі де жөнделмей тұр. Екі апта бойы Бұқпа өзені арнасын толтырған кәріз суы аққан коллекторды (кәріздегі сұйықтықтар мен газ ағызуға арналған кең арна - еск.) жөндеу жұмыстары да жартылай аяқталған. Тұрғындар мұндай апат бірінші рет болып тұрмағанын айтады. Олар бұл жағдай су ресурстарына ғана емес, сонымен қатар, мешіт маңында отырғызылған ағаштарға да зиян келтіретініне сенімді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сәтек Омаров есімді журналист осы мәселені көтеріп, дабыл қаққан. Ол мешіт маңындағы этнопарктегі ақау шыққан коллекторды тазарту және жөндеу үшін уақытша айналма коллектор салынып жатқанын аңғарған. Сонымен қатар, жер бетіндегі құбырлар мешітке баратын жолды бөгеп тастапты.

"Мешітке кірер жолды бөгеп тастаған. Мұнда келушілерге кедергі келтіріп отыр. Аумақты тазалайтын арнайы техника қалай кіреді? Қарды үнемі тазалау керек. Көктемнің де ауылы алыс емес", - дейді журналист Сәтек Омаров.

Былтыр ол коллекторға қатысты дәл осындай жағдай болғанын айтты. Ол кезде кәріз сулары сыртқа төгіліп, тек Бұқпа өзені емес, айналаның бәріне зиян келтірген. Нәтижесінде отырғызылған ағаштар да зардап шеккен.

Қалалық мәслихат депутаты Төлеген Әшімовтың сөзінше, бұл сұрақ күн тәртібінде өзекті болып отыр. Оның айтуынша, шешу үшін қосымша коллектор салу керек. Бұл жағдайды қазір қолға алмаса, салдары ауыр болуы әбден мүмкін. Бұл жолы саяжай тұрғындары ғана емес, қала тұрғындары да оның зардабын көруі мүмкін. Қала Федоров су қоймасынан айырылып қалуы да ықтимал.

"Қазіргі коллектордан ақау кетсе, жағдай ушығатыны сөзсіз. Бұл экологиялық апатқа әкеледі", - дейді қалалық мәслихат депутаты Төлеген Әшімов.

Бірнеше жыл бойы қаланың экологиясына кері әсерін тигізген бұл коллекторды жөндеу жұмыстарына 2016 жылдан бастап "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша мердігерлер 1 миллиард 388 миллион теңге бюджет қаржысын жұмсаған. Бүгінде бұл жағдай қайталанып отыр. Қазір бұл орында 12 бригада күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Кезінде бұл жерге резерв коллектор салынбақ болған. Алайда жұмыстар орындалмаған. Оны салу үшін 60 миллиард теңге қаражат қажет. 

Жандос Бақытұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz