"Айырылып қалдық". Түркияда жоғалған Мирболат Құрмашев өлі табылды

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін жоғалып кеткен қазақстандық Мирболат Құрмашев өлі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Rescue KZ Telegram-каналы бүгін, 10 ақпанда 03:49-да жазды.

"Біз одан айырылып қалдық", - делінген жазбада.

Төтенше жағдайлар министрлігі 10 ақпанда 04:17-де "Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші қазақстандықтың денесі табылып шығарылғанын" хабарлады.

"Үйінді жағдайындағы қозғалыс кезінде іздестіру барысында құтқарушылар алдын ала белгіленген іздестіру орнына қол жеткізу үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасады. Құтқарушылар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтердің қайта құлауын болдырмау үшін тосқауылдарда аз саңылаулар жасауға тырысты, үйіндіде қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжытты", - делінген ведомствоның баспасөз қызметі Telegram-да таратқан хабарында.

Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтан 10 ақпанда 04.18-де "Табылған мәйіт Мирболат Құрмашевтікі ме" деп сұрады. Ведомство өкілі аты-жөнін Сыртқы істер министрлігі жариялайтынын мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігі әзірше бұл туралы хабар таратпады.

Еске салайық, 7 ақпанда Түркиядағы жер сілкінісі кезінде Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашев жоғалып кетті. Бұл туралы оның әріптесі мен ағасы хабарлаған еді. Ол жойқын зілзала болған Түркияның Хатай қаласында болған. Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзіліп, онымен туыстары мен достары хабарласа алмаған.

Мирболаттың ағасы, достары және еріктілер оны іздеу үшін Түркияға барды. Сыртқы істер министрлігі қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге Мирболат Құрмашевты іздеп жатқанын хабарлады.

Ал кеше, 9 ақпанда іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде Хатай қаласындағы үйінді астынан ҚР азаматы Әділ Қадырбековтің мәйіті табылды. СІМ қаза тапқан кісінің денесін елге жеткізуге барынша көмектесетінін мәлімдеді.

Ал 8 ақпанда үйінді астынан Сәбина Мамадиярова аман-есен табылды. Оның қолы сынған, ауруханға жеткізілген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!