"Бай адамдар үйлерін тегін беріп жатыр". Түркиядағы қазақстандық жағдайды айтты

"Бай адамдар үйлерін тегін беріп жатыр". Түркиядағы қазақстандық жағдайды айтты
Фото: anadoluagency

Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінің салдарымен күрес белсенді жүргізіліп жатыр. Кейінгі мәліметтер бойынша, екі елде қаза тапқандар саны 7 200 адамға жетті. Massaget.kz тілшісі Аланиядағы қазақстандық Іңкәр Әлиевамен сұхбаттасып, Түркиядағы жағдай туралы сұрады.

Іңкәр Әлиева - Астана тұрғыны. Оның Аланияда пәтері бар. Қазір Түркияда. Оның айтуынша, елде жағдай әлі де қиын. 

"Түркиядағы жағдай өте қиын. Себебі Адана, Мараш, Антакия, Мартин, Малатия, Хатай қалаларында қатты болды. 80-90 пайызға жуық үйлердің көбі құлаған, қисайып тұр. Жұрт үйлеріне кіре алмай жүр. Қазір құрбымның үйіндемін. Оның басқа қаладағы туысқандары далада жүр. Туыстарынан күнде хабар келіп жатыр. Олар "кәдімгі тозаққа айналды" деп жатыр екен. Із-түзсіз кеткендер де көп", - дейді ол.

Бірақ халық жұмыла көмекке ұмтылған.

"Жолдың бәрі апат. Түркия үкіметі Алания орталығынан күнделікті жәрдем ұйымдастырып жатыр. Халық бірігіп, апат болған жерлерге көмек жіберіп жатыр. Тамақ, киім, дәрі-дәрмек - бәрі жіберіліп жатыр. Тікұшақтармен де кетіп жатыр. Поштадан да көмектің бәрі тегін жеткізілетінін хабарлап жатыр. Ұшақтармен үйсіз-күйсіз қалғандар тегін тасымалданып жатыр. Жан-жақтан көмек беріліп жатыр. Бірақ көмек жетпей жатқан жерлер де бар. Қонақүйлерге орналасуға рұқсат беріліп жатыр. Бай адамдар үйлерін тегін беріп жатыр. Бәрі қолынан келгенін істеп жатыр", - дейді Іңкәр Әлиева Түркиядағы жағдай туралы.

Әсіресе, жер сілкінісі Хатай, Малатия, Марашта қатты сезілген.

"Хатайдағы тұрғын үйлер 90 пайызға жуық опырылған. Халық далада босып жүр. Далада от жағып, бір жамылғыға оранып отыр. Халық арасында "бұл қаланы жауып тастайды" деген де сыбыс бар", - дейді ол жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Хатай қаласы туралы.

Ол өзі тұрып жатқан жерде де жер сілкінісі болғанын, бірақ аз балдық екенін айтты.

"Алания Анталия облысына жатады. Бұл жақта да болды. Бірақ аз балдық. Таңда болды. Таңғы 4 жарымда. Одан кейін күндіз болды. Қандай жерлерде болатыны туралы карталар жіберіліп жатыр. Тағы да болатыны туралы да ақпарат бар. Халық арасында Анталия, Аланияда да болады деген болжамдар айтылып жатыр. Бірақ бұл нәрсе нақтыланбады. Анталия мен Аланияда теңіз де тасиды деп жатыр", - дейді ол өзі тұрып жатқан өңір туралы.

Алайды, Іңкәр Әлиеваның сөзінше, бұл жағдай туралы алдын ала хабарланбапты.

"Телеарналарда күндіз-түні жер сілкінісі туралы хабар таратылып жатыр. Бұл оқиға түнде болды. Алдын ала халыққа хабар берілмеген. Өйткені басында адамдар видеоға түсіріп, қалыпты жер сілкінісі деп қараған. Кейін қатты сілкінген кезде көбі далаға шығып үлгерген. Қаншама балалар шығарылып жатыр. Үйінділердің астынан қиналған адамдардың ыңырсыған дауысы шығып жатқаны да айтылып жатыр. Бүгін таңертең Газиантеп пен Кахраманмарашта 4-5 балл мөлшерінде болыпты. Бұл қалаларда екі айдай жер сілкінісі болуы мүмкін деген қауіп, болжам бар", - дейді ол.

Оның айтуынша, Түркия ішінде жер сілкінісі болған жерлерден зардап шеккендер қауіпсіз жерге жеткізіліп жатыр.

"Аэропорттағы жағдай қандай екенін білмеймін. Өзім 14 ақпанда елге қайтамын. Үйімді жер сілкінісінен сақтандырып қойдым. Бірақ Түркия ішінде жер сілкінісі ошақтарынан адамдар тасымалданып жатыр", - деді Іңкәр Әлиева.

Қазақстандықтар Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсете алады?

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова