Кейінгі тәулікте Түркия мен Сирияда жағдай қандай?

Кейінгі тәулікте Түркия мен Сирияда жағдай қандай?
Фото: anadoluagency

6 ақпанда Түркия мен Сирияда екі ел тарихындағы жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан мыңдаған адам қаза тапты. Massaget.kz тілшісі екі елдегі кейінгі жағдайларға шолу жасады.

Түркияда қанша адам қаза тапты?

Reuters мәліметінше, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 7 200 адамға жетті.  Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа қайтыс болғандардың нақты санын атаған. Үйінділер қаралған сайын құрбан болғандар саны артып жатыр.

"Бізде 5 434 адам қаза тапты, 31 777 адам жараланды", - деді Қожа.

Сирияда қанша адам опат болды?

РИА Новости мәліметінше, Сирияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1250-ге жеткен. Екі мыңнан аса адам зардап шекті. Бұл мәлімдемені елдің Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері жасаған. 

Түркияда төтенше жағдай жарияланды

Qazaqstan.tv мәліметінше, Түркияның 10 провинциясында 3 айға төтенше жағдай жарияланған. Айта кетейік, жер сілкінісі Түркиядағы шамамен он провинцияға, соның ішінде Кахраманмараш пен Мерсинге, Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Трабзон, Урфуға әсер еткен.

Ердоған зілзала аумағына барады

Әлемдік БАҚ мәліметінше, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бүгін жойқын жер сілкінісі аймағына баруға ниетті.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

6 ақпанда болған қатты жер сілкінісінен зардап шеккен Хатай аймағынан құтқарушылар бір тәуліктен аса уақыт өткен соң анасы мен сәбиін үйінді астынан шығарып алды. 30 жастағы әйел 6 айлық қызымен бірге Хатайдың Одабаши ауданындағы ғимарат құлағанда үйінді астында қалған. Олар шамамен 29 сағат өткізген. 

Одан бөлек, Түркияның әр бөлігінде үйінді астында қалғандар іздестіріліп жатыр. Бұл жұмысқа өзге елден келген құтқарушылар да тартылған.

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова