"Зұлымдық империясы". Польша тарапы Беларусь шекарасында дивизия құрып жатыр

Донбасста әлі күнге шайқас жүріп жатыр. Ал Польша тарапы Беларусь шекарасында дивизия құрып жатыр. Massaget.kz тілшісі кейінгі оқиғаларға шолу жасады.

Донбасс үшін күрес жалғасып жатыр - Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский кешкі бейнеүндеуінде Донецк және Луганск облыстарындағы жағдайға байланысты ставканың кезекті отырысын өткізгенін мәлімдеді.

"Бахмут пен Соледар, Кременная және Сватово, алдағы апталардағы Донбасстағы жалпы бағыттар. Донбасс шайқасы жалғасып жатыр. Оккупанттар қазір көп күш-жігерін Соледарға шоғырландырды, бірақ осы ауыр және ұзаққа созылған шайқас нәтижесі бүкіл Донбассты босату болады", - деді ол.

Ресей Краматорскіге соққы берді: қаза болғандар бар

Ресей әскері Донецк облысының Краматорск қаласына зымыран шабуылын жасады. Салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы президент кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко хабарлады.

Ресей әскері Соледарға жаңа күшті шабуыл жасады - Киев

Соледар инфрақұрылымы толық жойылды. Бұл туралы Донецк облыстық әскери әкімшілігінің төрағасы Павел Кириленко айтты. Сонымен қатар, ол Ресей тарапынан айтылған қала басып алынғаны туралы ақпарат жалған екенін жеткізді.

Польша Беларусь шекарасында жаңа дивизия құрып жатыр

Польшаның солтүстік-шығысындағы Беларусьпен және Литвамен шектесетін Подляскада жаңа әскери құрылым - легиондар жаяу әскерінің бірінші дивизиясы құрылып жатыр. Бұл туралы Польша ұлттық қорғаныс министрі Мариуш Блащак хабарлады.

Ол жаңа дивизия неге қажет екенін түсіндірді. Польшаның шығыс шекарасында министр "зұлымдық империясы" деп атаған Ресей империясын қалпына келтіру әрекеті жүріп жатқанын жеткізді. Поляк саясаткерінің сөзінше, жаңа құрылымның міндеті - "елге шабуыл жасауға батылы бармас үшін басқыншыны тоқтату".

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!