Димаш Құдайберген Екібастұздағы жағдайға байланысты өткір мәлімдеме жасады

Танымал әнші Димаш Құдайберген Екібастұздағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бұл туралы Instagram-парақшасында бөлісті. 

"Екібастұздағы халықтың жағдайы үшін алаңдап отырғанымды айтпасам да түсінікті болар. Менің парақшамды көптеген басқа мемлекеттің адамдары оқитын болғасын, ішкі мәселемізді сыртқа шығарғым келмеп еді, бірақ мына далада қалған аналарымыздың көз жасы зая кетпесін десеңіздер, ЖЭО басшысынан бастап, кінәлінің барлығы жауапқа тартылып, жылуы жоқ түрмеде жазасын өтейді деп сенемін…" - деп жазған өнер иесі парақшасында. 

Өнер иесінің оқырмандары әншінің мұндай жазбасына түрлі пікір қалдырған. 

"Өте ауыр жағдай! Екібастұз тұрғындарының хал-ахуалы жақсарып, тезірек қалпына келсе дейміз!", "Құдайдың бере салған алтыны сол. Жұдырықтай болып, елім, халқым деп соққан жүрегіңнен айналдық. Басшыларды қайдам…біздің халқымыз қандай да бір жағдайға ешқашан бей-жай қараған емес", "Дұрыс айтасың, Димаш! Кінәсін мойынмен көтерсін! Бұл нағыз қылмыс!", "Жарайсың, Димаш! Халық әншісі деген ат саған айтылса лайықты. Өзгенің қайғысын өзіндей көру екінің бірінің қолынан келе бермейді, әсіресе, тоқшылықта, баршылықта өмір сүріп жүргендер", - деп жазған Желі қолданушылары. 

Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоғын айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!