Премьер-министр Екібастұздағы жұмыстарды тезірек аяқтауды тапсырды

Екібастұзда жүрген премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апатты жою барысы туралы баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Вице-премьер 4 желтоқсандағы таңертеңгі жағдайға сәйкес, 5А, 5Б және 6 шағынаудандарында 11 тұрғын үйге жылу беру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Дайындық деңгейі жоғары, сондықтан кешке дейін олар (жертөлелер) жылуға қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бұл үйлерде жылу радиаторлары мен жеткізу желілері ауыстырылып жатыр. Кешке пәтерлерде жылу беріле бастайды.

Сонымен қатар премьер-министрдің бірінші орынбасары жылу берілген үйлердің ішкі инженерлік коммуникациялары - кәріз құбырларын, сумен жабдықтау жүйелерін ауыстыру қажет екенін және бұл жұмыс Үкіметтің бақылауында екенін айтты.

"Жылу толық берілмейінше, жөндеу жұмыстарына тартылған бірде-бір ұйым бұл үйлерден кетпейді. Қазір барлығы 484 адам жұмылдырылған. Біз өз жұмысымыздың форматын толық өзгерттік, ол тәулік бойы жүргізіледі", - деді Роман Скляр.

Премьер-министр барлық жұмысты тезірек аяқтап, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

"Жұмысты жалғастырыңыз. Қалған үйлердің барлығына жылуды тезірек қосу керек, адамдар бір апта бойы жылусыз отыр. Ешкім мемлекеттің көмегі мен назарынсыз қалмайды", - деді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоғын айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!