Ұшақта жүк зақымданса $3000 өтемақы төленетіні рас па?

Ұшақта жүк зақымданса $3000 өтемақы төленетіні рас па?

Саяхаттап келген соң, жүк лентасына жақындай бере сөмкеміз қандай жағдайда келетінін уайымдайтынымыз бар. Оны алар-алмастан зақым бар-жоғын мұқият тексеру керек. Содан кейін әуежайдан Lost & Found/Baggage Claim бағанасын тауып, қызметкерлерге өз жағдайыңызды баяндаңыз, олар сізге дұрыс PIR (Property Irregularity Report - багаждың зақымдануы туралы қағаз) толтыруға көмектеседі, бұл рейс кезінде багаж зақымдалғанын дәлелдейтін негізгі құжат. 

Оның екі көшірмесін жасауды ұмытпаңыз: бір актіні әуежайда қалдырыңыз, екіншісін өзіңізбен бірге алыңыз. Әуе компаниясының шағымына тіркеу үшін отырғызу талондары мен багаж белгілерін сақтаңыз. Зақымданған тұстарын суретке түсіріңіз, бұл әуе компаниясында сіздің мүдделеріңізді қорғауға көмектеседі. Бірдеңе жетіспейді деп күдіктенсеңіз, шабаданыңызды өлшеңіз. Ұшаққа отырар алдындағы салмақтан айырмашылық болса, мұны міндетті түрде көрсетіңіз.

Осы мәселеге қатысты TikTok әлеуметтік желісінде жүк зақымданса, $3000 өтемақы төленетіні туралы видео тарады. Біз мамандардан мұның анық-қанығын білдік.

@val_vasileva Об этом вам никто не скажет? #путешествия #визавсша #бюджетныепутешествия #жизньвамерике #лоукостер #багажсамолет #переписка ♬ original sound - ТРЕВЕЛ ЛЕРА

Осы орайда заңгер маман Шолпан Бостанқызынан консультация алған едік.

"Егер ұшу кезінде жүк зақымданса, ең алдымен сізді тасымалдаушы әуекомпанияның ережесінен қарап, сол бойынша әрекет етесіз. Ал азамат ретінде бұл мәселеге байланысты шағымдануға әбден құқығыңыз бар. Бірақ бұл жерде жүктің құндылығын анықтау керек, салмағынан бастап, ішінде не болғанына дейін. Бұл видеодағы ақпарат жалған, тек нақты бір мысал бойынша ғана болса, орынды дей аламыз. Жалпы, кез келген азамат жүгі зақымдалса, сотқа жүгіне алады. Ол барлық жағынан зерттеліп, өтемақысы талапкерге төленеді. Мысалы, ішінде әйнек болса, оны алдын ала өткізген кезде анықтап айтады. Ол осал, сынғыш заты бар жүк санатына өтеді. Өзге ескерер пункттері де бар. Мұның бәрі жолаушы шағымданған жағдайда сотта толық ескеріледі", - деді ол.

Қазақстанда бүлінген багажды өтеу ережелері қандай?

Air Astana. Халықаралық тасымалдау кезінде жолаушының мүлкі бүлінген жағдайда, залал анықталғаннан кейін немесе багажды алғаннан кейін жеті күннен кешіктірмей әуе тасымалдаушысына жазбаша түрде шағым берілуі мүмкін. Ішкі тасымалдау кезінде багаж бүлінген, жоғалған жағдайда тасымалдаушыға жазбаша түрде де шағым беріледі. Егер жолаушының багажы "құнды багаж" анықтамасына жататын болса, бұл жағдайда авиакомпания багажды сақтандыруды ұсынады.

"Эйр Астана" әуекомпаниясы тексерілген багаждың жеңіл зақымдануы, яғни дөңгелектердің сынуы, бекіту таспаларының жоғалуы, чемодан тұтқаларының сынуы, сондай-ақ ұзақ уақыт пайдалану салдарынан пайда болған сызаттар,  ойықтар, кір үшін жауапкершілік көтермейді.

SCAT. Әуе компаниясы тіркелген багаждың жоғалуы, жетіспеуі немесе зақымдалуы үшін өтемақы төлеуге уәде береді. Зақымдалған багажды қалпына келтіру мүмкін болмаса, тасымалдаушы оның құнын өтейді. 

Bek Air. Жүктің кешігуі, жоғалуы немесе зақымдануы жағдайында авиакомпания өз жолаушыларынан мұны мүмкіндігінше тезірек хабарлауды сұрайды.

FlyArystan. Жолжүк мәселесі туындаған жағдайда, сіз келген жердегі Lost & Found/Baggage Claim қабылдау кассасына жолжүктің зақымдалуы туралы хаттаманы толтыру арқылы хабарлай аласыз. Акт әуежай залынан шықпас бұрын дереу толтырылуы керек. Ішкі рейстерде багаж кешіктірілген жағдайда, FlyArystan кешіктірілген әрбір күн үшін билет құнының 10 пайызын, ең көбі билет құнының 50 пайызына дейін төлейді. Егер багаж дұрыс оралмаса, өтемақы көлемі қысқарады.

IATA статистикасына сәйкес, 95% жағдайда жүк табылып, бес күн ішінде иелеріне аман-есен қайтарылады.

А. Оралқызы