"Сауалнамадан өтіп, апта сайын 250 мың теңгеден аласың". Желіде тараған ақпарат рас па?

"Сауалнамадан өтіп, апта сайын 250 мың теңгеден аласың". Желіде тараған ақпарат рас па?
Фото: ©Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желіде KASE қор биржасы атынан жарнама тарап жатыр. Жарнама қазақстандықтарға сауалнамадан өтіп, апта сайын 250 мың теңгеден алу ұсынылады. Сондай-ақ, хабарландыруда Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті де пайдаланылған. Алайда бұл жалған ақпарат, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Басылым мәліметінше, KASE қор биржасының ресми сайтында жарнамада айтылған KASE Invest бағдарламасы туралы ақпарат жоқ. Бірақ алаяқтар туралы ескерту жарияланған. 

"Әлемде, оның ішінде Қазақстанда қаржы құралдарының саудасына жалған түрде қол жеткізу арқылы жасалатын интернет-алаяқтық жиілеп кетті. Сонымен қатар, алаяқтар KASE атынан да әрекет етіп жатыр. KASE жеке немесе заңды тұлғаларға биржаның немесе қызметкерлерінің қатысымен биржалық нарықтарды байыту үшін өз қызметтерін ұсынбайтынын ресми түрде мәлімдейді", - делінген қор биржасы ескертуінде.

Сондай-ақ, жарнамаға тіркелген сілтеме бойынша пайдаланушы KASE логотипі бар сайтқа кіретінін айта кеткен жөн. Бірақ бұл ресми платформа емес. Қолданушыларға оның инвестициялық мүмкіндіктерін талдау үшін сауалнамадан өтіп, платформада өз атын, тегін, электрон поштасының мекен жайын және телефон нөмірін қалдыру ұсынылады.

Бұл - интернеттегі алаяқтықтың бір түрі, қарапайым фишинг схемасы. Онда алаяқтар қолданушылардың логиндерін, парольдерін және басқа да жеке деректерін біліп алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова