Қазақта руларға әйел есімі берілгенін білген бе едіңіз?

Қазақта руларға әйел есімі берілгенін білген бе едіңіз?
Фото: С.М. Дудин, 1899 жыл

Тарихи деректерге сүйенсек, қола дәуіріне дейін матриархал қоғам болып, ру, тайпаны әйелдер басқарған. Қола дәуірінде мал шаруашлығы, егіншілік пайда болып, еркектер жетекші роль атқара бастаған. Бұл - қазаққа да тән құбылыс. Алайда сол кезде де бір руды басқарып, аты аңызға айналған анамыз көп. Қазақтың шежіресіне зер салсақ, ру атауында мүлде әйел есімі кездеспейтін сияқты. Massaget.kz тілшісі қандай руға әйел есімі берілгенін, олардың шығу тегін анықтады. 

Ділда Матайқызының "Ана туралы жыр" кітабында әйел есімі берілген бірнеше руды мысалға келтіреді. Оның ішінде, Орта жүз Шаншар рулары Қызбике, Нұрбике, Айбике рулары, Алтын, Татыран, Болпанай, Көкен, Тоқбике, Шабдар сынды рулар бар. 

Тіпті Ұлы жүз тайпасындағы Ысты руының атауы әйел есімінен шыққан делінеді. Ділда Матайқызының айтуынша, Бәйдібекұлы Жәлмембеттің екінші әйелі Сыландының асты баптап (ыстап) ұстануына байланысты осы ат беріліп, ұрпағы да осы атпен аталған.

Абақ

Керей руының тармағы - Абақ керей. Негізінен керейдің "Төр шежіре" еңбегінде Абақтың шын есімі Әппақ екені, ру атауы осы есіммен байланысты екені келтіріледі. Абақ - үйсін руынан тараған Самырзаның қызы. Күйеуі қайтыс болған соң, Шымыр есімді ұлын алып, төркініне кеткен. Нағашысы баланы кішкентайынан ашамайға мінгізіп, "Менің ашамайлы Керейім" деп еркелеткен.

И.С. Поляков, Семей облысы, 1879 жыл

Қызай 

Қазақ халқында есімі ұранға айналған әйел көп. Бәйдібектің Нұриладан (Домалақ ана) туған қызы Қызайым он жеті жасында найман еліне ұзатылған. Барған жерінде тәрбиелі мінезімен танылып, әділ шешімдерімен халықтың анасына айналады. Ұрпақтары есімін ұранға алып, Найманның ішіндегі Қызай руы атанады.

Кей деректер бойынша, Қызайдың шын есімі Ақбикеш болған, ал кей деректерде тіпті Күнбибі деп жүр. Аңыз бойынша, Домалақ ана Қызайға жүкті кезінде жолбарыс етіне жерік болған. Содан бір елдің азаматы Домалақ ананың жерігін басып, Жолбарыс етін әкеліп береді. Ана "ұл тусам, осы жігітке серік етіп қосамын, қыз тусам, сол адамға күйеуге шығарамын" деген. Қызы бой жеткен соң, Матай еліне келін болып түседі. Қызай ана екі рет тұрмысқа шығады, бірақ күйеулері көп ұзамай қайтыс болады. Бірде ол ауыл ақсақалдарын жинап, Тәттіболат ақсақалдан "осы ұлдарым ержете келе екі әкенің атынан аталып, екі жарылып, бір-біріне қырбай бол кетеме деп алаңдаймын. Сондықтан төрт ұлыма өз атымды әке орнына ататқызып, Қызайұлы Итемген, Қызайұлы Меңіш, Қызайұлы Бегімбет, Қызайұлы Дербіш дегізгім келеді" деп өтініш білдірген. Ауыл ақсақалдары келіннің бұл өтінішін орындап, ру осы ана есімімен таралып кеткен деседі.

Қызай ана туралы тіпті жыр да бар.

Қызайдың даңқы шықты мүлде бөлек -                                                                                                                Би Қызай, батыр Қызай елден ерек.                                                                                                            Соғыста қол бастаған жаугер ару Жөн тапқан қиын кезде күрделірек.                                                      Шағырдан тарағандар "қызаймыз" деп, Атанды "қызай елі", Құдай жебеп...

И.С. Поляков, Семей облысы, 1879 жыл

Мұрын ана

Шежірешілер "Мұрын" анамыздың лақапаты деп атайды. Ол ананың шын аты: Жүзей, Нүрбике, Күлайым, Қорлы, Жүзбике. Мұрын анамызды біреулері Байыстың әйелі десе, енді біреулер Сармырза байдың әйелі деп айтады. Мұрын анан да ұлы жүз үйсін Бәйдібек бидің Нұрила (Домалақ ана) атты әйелінен туған. Қызай Матай еліне келін болып түссе, Мұрын Байысқа шыққан. Мұрын - Жүзей жыры осы ана құрметіне шыққан. 

Ақтайлықтың шежіресінің екінші нұсқасы бар, онда Домалақ анадан Жүзей, Қызай есімді қыздар туған екен. Қызай Матайдың  баласына тұрмысқа шығып, Жүзей Байысқа шыққан. Екеуінің әкелері - үйсін еліндегі Бәйдібек батыр. Жүзей найманның ұрпағына тұрмысқа шыққан. Оның мұрыны (танауы) үлкендеу болғандықтан, одан тараған ұрпақ Мұрын елі атанып кеткен. 

С.М. Дудин, Семей облысы, 1899 жыл

Алтын

Бисенбі Әріпұлының еңбегінде кіші жүздегі әйел есімі берілген Алтын руы туралы деректер келтірілген. Шежірешінің айтуынша, Алтын деген бөлек ру болмаған. Бірақ Кіші жүз-Байұлы Алатаудан көшкен кезде, Жапбас тайпасы көшкісі келмеген. Жапбас дүниеден өткенде балалары жас болған, сондықтан үй қожалығы әйелі Алтында болған. Ал оның төркіні - Ұлы Жүз. Алтын сол маңнан кетпей, қалып қойған. Сонымен бұл ауыл Алтын-Жапбас деп атанып, ал ұрпақ Алтын руынан болып тараған.

М. А. Круковский, 1914 жыл

Қарқабат ана

Қарқабат анамыз туралы Әлихан Бөкейханов "Қарқаралы уезі" кітабында Қарқаралы өңірінің белгілі ақсақалы, шежірешісі Мақат Ақайұлының Қаракесек және Қарқабат Ана туралы өзіне айтқан шежіре-аңызды келтіреді.

Дерек бойынша, Мейрам өз елінен алыста тұратын елдің қызына құда түседі. Ертедегі салт бойынша, қалыңдықты күйеу жігіттің ауылына анасы шығарып салуы керек. Жолдың алыстығына байланысты Мейрамның енесі бұдан бас тартып, орнына, оның болашақ жарын, бірнеше туыс ағасын, жеңгесі Шұбыртпалы мен күңі Қарқабатты жібереді. 

Мейрам үйленген кезде ел арасында жанжал болып, әйелімен еріп келген жолсеріктер қайта алмай, елде қалады. Кейін Мейрам әйелінің жеңгесі Шұбыртпалы мен күңі Қарқабатты әйелдікке алады. Қарқабаттан әйгілі Қаракесек лақапатымен белгілі Болатқожа туады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек