Үш елдің архивінен Алаш қайраткерлері туралы құжаттар табылды

Үш елдің архивінен Алаш қайраткерлері туралы құжаттар табылды
Фото: Qazaq газеті

Ресей, Өзбекстан, Татарстан мұрағаттарынан Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне қатысты бұрын белгісіз деректер, құжаттар мен фотокөшірмелер табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім минстрлігі Тіл саясаты комитетіне сілтеме жасап.

Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлына құрмет белгісі ретінде арналған Н.П. Анненкова-Бернардың "Бекет" пьесасы (бұл пьеса Бекет Серкебаев туралы), қазақ жазуы негізінде жазылған "төте жазу" туындылары, Мәскеуде 1936 жылы "Алаш" қайраткері М.Саматұлының редакциясымен жарық көрген "Қазақстан цифр тұрғысынан" (1920-1936 жж. қысқаша статистикалық анықтама) еңбегі, Даниал Ысқақұлының аудармалары, "Учебник казахского языка для русских школ" (7-8 класс) / Огьѕ mektepterine qazaq tili – oquvlьqь. 7-8 kilas ycin", сол кездегі қазақ мәдениеті, тарихы, тұрмыс-тіршілігі туралы басқа да материалдар бар.

ЮНЕСКО аясында аталып өтілетін Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы жалғасын тауып, Түркістанда тойланады.

Халықаралық түркологтар конгресінің бағдарламасына сәйкес Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Башқұртстан және еліміздің жетекші университеттерінен белгілі ғалымдар баяндама жасайды.

Сондай-ақ, Байтұрсынұлының және басқа да Алаш қозғалысы қайраткерлерінің шетел мұрағаттарынан табылған материалдары, кітапханалардың сирек қолжазба қорлары негізінде дайындалған жинақтың, Байтұрсынұлының қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі таңдамалы шығармалары мен 12 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ғалымдар Әзербайжан мұрағатынан қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынов түсірілген видеоны тапқан еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек