Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы қалай табылды?

Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы қалай табылды?

Ұлт ұстазының 150 жылдығында көпті қуантқан жаңалық болып, Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы табылды. Осы орайда Массагет порталының тілшісі, белгілі ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбетпен домбыраның табылуы туралы тілдесті.

Байтұрсынұлынан жеткен бағалы мұралардың қатары көп емес. Ағартушы атында мұражай-үй болғанымен, ондағы тек санаулы экспонаттың Ахмет дәуірінен жеткені көпке мәлім. Әуелі ахметтанушыларды, кейіннен күллі қазақты қуантқан қара домбыра бұған дейін қолдан қолға өтіп, сақталып келіпті. Ендігіде Ахаңның өзі ұстап, көзі көрді деген азын - аулақ мұраның қатары оның қолы тиген домбырасымен толықты.

Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан Имаханбет

«Ахмет Байтұрсынұлы домбыра шерткенді жақсы көрген. Домбырадан бөлек «қобызы, скрипкасы болған, пианинода ойнаған» деген әңгімелер көзкөргендердің естеліктерінде айтылады. Ахметтің қандайда бір дүниесін тапсақ қой деген ахметтанушы ретінде арманым болды. Әлеуметтік желіде осы мәселені көтерген кезінде Қызылорда қаласынан Жұмабай Байзақұлы деген кісі хабарласып, Ахмет Байтұрсынұлының домбырасын оның жиені өзінің қарындасына табыстағанын айтқан. Сол кісілердің көмегімен домбыраны 18 мамыр халықаралық музейлер күнінде музейге әкеп табысталды», - дейді Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет.

Ал өлкетанушы, журналист Жұмабай Байзақұлы әлеуметтік желідегі хабарламадан соң Райхан Имаханбетке хабарласып, Ахмет Байтұрсынұлының домбыра бар екенін айтып сүйіншілеген. Домбыраның табылуы бойынша сыр бойындағы «Тіршілік тынысы» газетінде өлкетанушы көлемді мақала жазған.

«Мен Райхан Имаханбетті Ахметтің жиені Луиза Әубакировамен байланысуға жағдай жасадым», - дейді өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы.

Райхан Имаханбеттің айтуынша домбыра қолдан қолға өтіп жүріп дұрыс сақталмаған.

 «Ахмет Байтұрсынұлының атын атауға болмайтын кезде табыстаған болуы керек. Луиза Әубакирова деген апайымыз домбыраға аса бір ұқыптылығымен қарамаған өкінішпен айтады. Суреттен көрген боларсыздар домбыраның жарты беті, құлағы, тиегі жоқ» дейді ғалым

«Ахмет Байтұрсынұлының Зиляш деген туған қарындасы Бейісов деген кісіге тұрмысқа шыққан. Олардың Бәкібай деген жалғыз ұлы болған. Бәкібай – Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде істеген, чекист. Ахметтің жиені болғаны үшін біраз қудалау көрген. Луиза 1975 жылы оқуға түсуге келгенде туыс ретінде, сол кісілердің үйіне сәлем беруге барған. Тағы бірде амандасуға барғанында Бәкібай ағасы: «Мен осыны осынша уақыт сақтап келдім, ендігі жерде сен сақташы» деп, кімдікі екенін айтып, оған домбыраны береді».
Сонымен «Бірақ ол кезде Ахметтің аты да, заты да аталмаған, менің арғы аталарым білсе білер, өзім білген жоқпын ғой, соған онша мән бермеппіз, сөйтіп, бұл домбыраның қадіріне жетпеппіз, ағам айтқаннан кейін сізге әкеліп беруді өзіме парыз санадым» дейді мұражайға келген Луиза» - дейді Райхан Имаханбет Қазақ әдебиетіне берген сұхбатында.

Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі қазір қайта жөндеуден өтіп жатыр. Ғалым алдағы уақытта домбыраның сол үйдің төрінен орын алатынын айтады.

«Сақталған домбыра қайта қалпына келтіретін маманның қолында. Ахмет Байтұрсынұлының музейі 150 жылдығы мерейтойы кезінде қайта жөндеуден өтіп жатыр ғой. Ашылған кезде жәдігер Ахмет Байтұрсынұлының жұмыс бөлмесінің төрінен орын алады деп дайындық үстіндеміз», - дейді Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі.

Ағартушы-ғалымның қазақ ән-күйін бүгінге жеткізуге де үлес қосқаны белгілі. Затаевич жинақтаған "Қазақтың 1000 әнінде" Байтұрсынұлынан жазып алған 25 ән мен 2 күй бар. Оның көпшілігіне жеке түсініктеме де берілген. Мұның ішінде Ахмет арнайы жазғызды деген "Қара көз" әні жайында Затаевич: "Байтұрсынов өңдеген нұсқа халық арасында кең танымал" дейді.

«Менің мына еңбегімді ол үнемі назарына алып, Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей ордасы және Қарқаралы өңірлеріне тән өзі білетін, қойын кітапшасына түртіп алған әндердің жазбаларын беріп, тіпті, тамаша екі күйді өзі домбырада шертіп берді. Қазақ тарихы, тұрмысы мен этнографиясының терең білгірі ретінде мен жинаған мол материалды жүйелеуге бағыт-бағдар сілтеп отырды. Оның бұл елеулі еңбегіне аса тәнтімін, айтар алғысым шексіз», - деген композитор, этнограф Александр Затаевич.

@massaget.kz #казахстан#қазақстан#ахметбайтұрсынов#150жыл#таным ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы республика көлемінде аталып өтіп жатыр. Бүгін Қостанайда басталуы тиіс ауқымды іс-шараға елбасшысы Қ.Тоқаев те қатысу кере еді. Бірақ Қостанай облысындағы өртке байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа өрт сөндіру жұмыстарымен танысу үшін барды.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына болуы тиіс 64 пункт қаралған. Олардың ішінде республика, облыс, аудан және ауыл деңгейіне өтетін іс-шаралар бар. Одан бөлек халықаралық деңгейде шаралар да көрсетілген. Алғаш рет ақпанда елордада ашылуы болды. Ашылу салтанатында үкімет тарапынан Ерлан Қарин бастаған топ Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын ашып, жыл бойына өтетін шараларға сәттілік тілеген болатын.

Қаншама еңбектің істеліп жатқанын БАҚ беттеріндегі ақпараттардан байқаймыз. Осы іс-шаралардың қортындысы осы жылдың қараша айында түйінделуі тиіс. Оның қорытындысы Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы университетте өтеді деп жоспарланған.

Т. Раушанұлы