Қауіп төніп тұрғанын ескертіп, түсіңізге кіретін үш белгі

Түсі келіспей, ісі келіспейді деген түсінік бар. Қандай да бір түс көрсек оның мән-мағынасын бірден іздей бастаймыз. Алайда кейбір адамдар көрген түсіне мән бермей де жатады. Дегенмен түс - бір белгі болуы да мүмкін. Бұған дейін қайтыс болған адам түсіңе кірсе не болатынын түсіндірген болатынбыз. Ал жабайы жануар не үй жануарларын көру не білдіруі мүмкін? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Жылқы көрсеңіз...

Түсіңізде жылқы көру жақсылықтың да, суыт хабардың да нышаны болуы мүмкін. Мысалы ақбоз аттан құласаңыз, бұл жақсылық белгісі емес. Абырой-беделіңіз түсіп, қауіп-қатерге кез болуыңыз мүмкін.

Егер ат мініп, ел аралап жүрсеңіз, армандарыңыз бен мақсаттарыңыз орындалады. Бойдақ болсаңыз шаңырақ көтеруіңіз мүмкін. Ұйықтап жатқанда ат көрудегі тағы бір жақсы белгі - жылқыны өзенде не арықта суару. Демек дәулетіңіз артып, байлығыңыз тасиды. Мұндай түс көрген күннен бір аптаға дейін біреулермен жанжалдасып қалудан сақ болыңыз.

Ал егер қара ат көрсеңіз және ол сізді тебетін болса, не мініп жүргенде ұра-жыраға жығып кетсе – бұл жақсылық нышаны емес. Алда қауіп-қатер барын ескертеді. Жараланған не өлі жылқы көру - қайғылы хабардың нышаны. 

Фото: Pixabay.com

Жалпы түсіңізде көрген жануардың түсі арқылы оның қандай мағына білдіретінін анықтауға болады. Мысалы:

Қара түсті жануар - қайғы, проблема алып келеді. 
Ақ - қуаныш, сәттілік.
Қара және ақ - тұрақсыздық пен әдеттен тыс жағдайлардың белгісі.
Қызыл жануар махаббаттың белгісі. Ол көбіне біреу сізге ғашық болып жүргенін білдіреді. 
Ал түсі ерекше не түсініксіз жануарды көрсеңіз - өміріңізде түсініксіз жайттар болуы мүмкін. 

Қайтыс болған адам түсіңе кірсе не болады?

Қасқыр да бір белгі

Түсіңізде қасқыр көру дұшпаныңыздың да, досыңыздың да әрекетіне қатысты белгі болуы мүмкін. Ол қасқыр түсіңізде не істеп жүргеніне байланысты. Мысалы қасқыр ұлып жүрсе сіздің бақталастарыңыз бар деген сөз. Ал қасқырлардың арасында жүрсеңіз нағыз күресетін қиындықтарға тап боласыз. Бірақ ол қиындықты еңсересіз. Мұндай түсті назардан тыс қалдырмау керек. Тек адамдармен араласқанда тым ашылып кетпеңіз.  

Желіде қасқырды түсте көруге әйгілі Ванга да болжам жасаған екен. Болжам бойынша, түсіңде жалғыз жүрген жыртқышты көру - сіздің ортаңызда сізге арамдық ойлап жүрген адам бар деген сөз екен. 

Көрнекі сурет: pexels.com

Ал тұрмысқа шығайын деп жатқан қыз үйір қасқырды көрсе, демек ол бақытты болады және оның отбасылық өмірі берік болады. Түсіңізде өзіңіз қасқыр болып жүрсеңіз - бұл жақсылықтың нышаны. Яғни қандай да бір жаңа нәрсе бастасаңыз, ол сәтті болады. Түсіңіздегі қасқырдың құйрығы ұзын болуы - өңіңізде денсаулығыңыз жақсы болатынын және ұзақ өмір сүретіңізді білдіреді. 

Қасқырды өлтіру - абырой беделіңізді қайтарасыз деген сөз. Қасқырмен "күрес" барысында оны жеңсеңіз қызметіңіз өсуі мүмкін. 

Жыланды да жиі көретіндер бар

Ең алдымен жыланды түсіңізде көру қандай жағдайда қауіп-қатердің белгісі болуы мүмкін екенін анықтап көрейік. Біріншіден, түсіңізде жылан жолыңызды кесіп өтсе, жауыңыз артып, жолыңыз болмауы мүмкін. Сонымен қатар, жылан түсіңізде шағып алса не оралып қалса дұшпандардың торына түсуіңіз мүмкін. Мұндай жағдайда түсіңізді кез келген адамға айта бермей, аузы дуалы адам тауып, жорытыңыз. Артынша ол адамға садақа бергеніңіз жөн. 

Фото: elements.envato.com

Түсіңізде жыланның босағада немесе шаңырақта тұруы да қауіптің белгісі. Бұл жағдайда түсті иманға жорыту қажет. Садақа ретінде қара түсті нәрсе беріп, құдай тамақ беріп жібергеніңіз де дұрыс. 

Ал түсіңізде жыланды өлтіруіңіз - жақсылықтың нышаны. Демек өңіңізде абырой-беделіңіз артып, жұлдызыңыз жанады. Мұндай түсті анаңызға жорытқаныңыз дұрыс. Сонымен қатар, түсіңізде жылан сізге еш зиян келтірмегені де жақсылықтың белгісі. Бұл жағдайда ақ түсті нәрсені садақа ретінде берген дұрыс.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!