"Әйелі PlayStation 5 сыйлайды". Ер адам салмақ тастаудың тиімді әдісін тапты

"Әйелі PlayStation 5 сыйлайды". Ер адам салмақ тастаудың тиімді әдісін тапты
Фото: sea.ign.com

Таиланд тұрғыны Праб Лаохароджанафан PlayStation 5 консолін алу үшін 10 келі салмақ тастады, - деп хабарлайды IGN.

Лаохароджанафанның әйелі салмақ тастаған жағдайда оған жаңа Sony консолін сыйлауға уәде берген. Ер адам бұл сынақты қабылдап, төрт айда 95-тен 85 келіге дейін арықтады.

Лаохароджанафан Facebook желісіндегі парақшасында осы жетістігі туралы жазып, жергілікті БАҚ-тың назарын аударған. Ер адам журналистерге жұмыстағы күйзелістен артық салмақ қосқанын айтқан. Ол арықтауды бұрыннан жоспарлаған, бірақ көпке дейін бастап кете алмаған. Сол сәтте әйелі жаңа PlayStation арқылы мотивация беріпті.

Оның айтуынша, күш жаттығулары, кардиожаттығулар, сондай-ақ кетогендік диета оған салмақ тастауға көмектескен. Сонымен қатар, ол әйеліне диетаға кірмейтін жеңіл тағамдарды сатып алмағаны үшін, күйеуімен бірге тамақ рационын өзгерткені үшін зор алғысын білдірді.

Лаохароджанафанның сөзінше, әйелі оның нәтижесіне қанағаттанып, консоль сатып алуға келісіп қойған екен. Бірақ, бұған қарамастан, ер адам диета мен жаттығудан бас тартпақ емес, өйткені ол тағы бес келі салмақ тастағысы келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш