Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды

Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы "Рақымшылық жасау туралы" Заңға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысы "Рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады", - делінген хабарламада. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы айтқан болатын. 

"Мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым."Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз, - деген еді Президент. 

Еске салайық, 27 қазанда Парламент Сенаты қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заң қабылдаған болатын. Қабылданған құжатқа сәйкес, қаңтар оқиғасына қатысушылардың бір бөлігі босатылса, басқаларының жаза мерзімі қысқартылады.

Қабылданған заңға сәйкес, қаңтар оқиғаларына қатысушылардың бір бөлігі босатылады, енді бірінің қамау мерзімі қысқарады, қажет болған жағдайда жұмысқа орналасуға және баспанаға көмектеседі.

Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергенге рақымшылық жасала ма?

Сенатор Ләззат Жаңылысқызы "Рақымшылық туралы" заң жобасының нормаларында қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босату көзделетінін атап өтті. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін - сот тағайындаған мерзімнің төрттен үшіне, ал аса ауыр қылмыстар үшін - жартысына қысқарту көзделген.

Заң жобасында босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру - жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу көзделген.

Ал террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық, азаптаулар жасаған, қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина