"Желтоқсан екісінен басталып жатыр". Жайдарманда саяси өткір әзілдер айтылды

"Желтоқсан екісінен басталып жатыр". Жайдарманда саяси өткір әзілдер айтылды

Жайдарманның жаңа жобасы JaiBattle шоуы қазір Қазнетте кеңінен талқыланып жатыр. Қазақстандықта ондағы саяси әзілдерді жоғары бағалаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жобаның YouTube хостингіндегі шығарылымын екі тәулікте 700 мыңнан аса адам қараған. Қазір трендтер айдарында екінші орында тұр.

Бұл ойында саяси әзілдер көп болды. Желі қолданушылары да саяси өткір әзілдер айтқан "Бақтияр Тайлақбаев", "Рудный құрамасы" секілді командаларға жоғары баға берген. 

Жайдарман түлектері жиналған командада биылғы саяси өзгеріс туралы әзілдер айтылды.

Бұл ойынның басқалардан ерекшелігі - бірден екі тілде өтті. Жайдарманшылар қазақша да, орысша да сайысқа түсті. Оны "АТУ құрамасы" ұтымды әзілге де айналдырды. 

Одан бөлек, қоғамдағы өзекті мәселелер, жаңа iPhone секілді тақырыптар әзілге арқау болған.

"JAIDARMAN - жай ғана ойын, немесе тек қана бос уақыт өткізетін алаң емес, дарынды жастардың өзін-өзі табуға, мықты қырларын ашуға және қабілетін шыңдайтын мектеп. JAIDARMAN-да сценарий жазу, орындаушылық шеберлік, актерлік шеберлік, тіпті ұйымдастырушылық қабілетін де дамытады. Яғни JAIDARMAN - дербес шығармашылық жобаны басқара алатын немесе креативті ойлай алатын топты оңай жинап, жұмысын ұйымдастыра алатын дайын әртіс немесе продюсер және менеджер", - дейді "Қазақстан КВН Одағы" республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен.

JaiBattle - Жайдарманның жаңа жобасы. Оған ең үздік сегіз команда қатысты. Жайдарман түлектері бас қосқан додаға Мәскеудегі "Жоғары лига" чемпионы, қырғызстандық Азия MIX командасы да қатысты. Жалпы алғанда сегіз команда төрт жұпқа бөлініп, төрт белбеуді сарапқа салды. Нәтижесінде "Қармақшы", "Рудный", "АТУ" мен Азия MIX өз жұптарында үздік атанды. 

Негізінен Жайдарман жобасы 1999 жылы өзінің бастауын алған. Республикалық телеарналарда тұрақты түрде 2000 жылдан бастап, көрсетіліп келеді. Бастысы жоба Халықаралық деңгейге шығып, түркі тілдес халықтар арасында танымал болып саналады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш