"Жол апатына түсіп, төсек тартып қалған". "Ұят болмасын..." бағдарламасының актерлері қазір қайда?

2000 жылы 7 қазанда "Хабар" арнасында "Ұят болмасын" бағдарламасының алғашқы бөлімі көрсетілді. Ал биыл оның жарыққа шыққанына 22 жыл. Ол тек ауланың әзілі емес, аудан, облыс, тіпті Астананың саяси, әлеуметтік тұсын көрсететін бағдарлама еді. Ток-шоу продюсері Серік Абас-Шах пен режиссері келген қонақтардың қырын ашып, қазақ қоғамындағы мәселені әзіл арқылы көрерменге жеткізуге тырысқан. Ойын-сауық отауы актерлері қазір қайда жүр? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Ақылбай ата

Ақылбай ата ролін ойнаған Бекжан Тұрыс биыл 57-ге толды. 1991 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған соң, бірден Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына жұмысқа тұрған. Сол жылдан бастап, 31 жыл қызмет етіп келеді. Ол 40-қа жуық кейіпкерді сомдап, бірнеше фильмге түсіп үлгерді. "Ұят болмасын..." бағдарламасына түсіп жүргенде актер небәрі 35 жаста еді, бірақ режиссер оны қария ретінде көрген соң, өнегелі қарттың ролін ойнауға тура келген. 

Бұдан басқа, Бекжан Тұрыс шығармашылықпен де айналысады. Ол актер ғана емес, сонымен қатар, әнші-термеші. Ұлы Мағжан екеуі "Ұлым саған айтам..." моноқойылымын қойған. 

Актердің бір қыз, бір ұлы, үш жиені бар. Бірнеше жыл бұрын жол апатына түсіп, 4-5 айдың көлемінде төсек тартып қалған. Жыл басында коронавирус инфекциясын жұқтырған, қазір актер аурудан толық сауыққанын айтады.

Айгүл

Бағдарламада ибалы, инабатты келіннің кейіпкерін сомдаған Айгүл Иманбаева биыл 45-те, бағдарлама жарыққа шыққанда жасы небәрі 23-те болған. 1998 жылдар арасында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын аяқтап шығады. Сол жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде ұстаз қызметіне қабылданады. Ұстаздық қызметінен басқа Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрға актриса болып жұмысқа тұрады. 

Айгүл Иманбаева 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне магистратураға тапсырған.

2011 жылы тәуекелге бел буып жеке "А.И" драма театрын ашады. Азғантай ғана уақыт өтсе де көрермендерге екі спектаклін көрсетіп үлгерді. Оның бірі - Ж.Ануйдің "Медея" трагедиясы болса, екіншісі - Ш.Бошпековтың "Темір қатын" комедиясы. 

Әнші бірінші күйеуі Сәбит Әбдіхалықовпен ажырасқан соң, ұзақ жыл бойы күйеуге шықпайды. Тек 2020 жылы оның таңдауы әріптесі Бағлан Иманғазиновқа түсіп, отау құрады. Қазір экс-жұбайынан жалғыз ұлы бар.

"Мені Жалғастың әйелі, Мағжанның анасы деп ойлап қалатын кездері болатын. Тіпті, гастроль сапарымен жүргенде екеумізге бір бөлмеге төсек салып берген кез болған. Екі жарым жыл ішінде бір отбасы болып қалдық, сөйтсем бәрі өз үйіне тарқап кетіпті", - деді әнші. 

 Жалғас Толғанбай

Жалғас Толғанбайдың алғашқы мамандығы - мәдениет қызметкері және оркестр дирижері. Актер араға 5 жыл салып Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына театр-кино актері мамандығына тапсырады. Оқуын тәмамдаған соң, 1997 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етеді.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры директорының шығармашылық істер жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды.

Актердің 3 ұлы, 1 қызы бар. Ал тұңғышы Жансұлтан Жалғасбай да актердің әріптесі, театрда бірге қызмет етеді. 

Мағжан бала

Айгүл мен Жалғастың баласы, Ақылбай қарттың немересі болып ойнаған Мағжан Асаубай биыл 28 жаста. Ақылбай ата Мағжанның әкесі екенін білесіз бе?!

Бағдарламаға 5 жасында келген. Мектеп бітірген соң, 2011 жылы Алматы қаласындағы Энергетика және байланыс университетіне түсіп, "Ақпараттық жүйе" мамандығы бойынша бітірген. Әкесі Мағжанның актер болуына үзілді-кесілді қарсы болған, бірақ бірнеше жылдан кейін ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Музыкалық театр әртісі" мамандығына түскен. Қазір ол да әкесімен бірге М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етеді. 

"Бағдарламаға 5 жасымда келдім, ол кезде әріп танымайтын едім. Кастингке менімен 2 бала келдік. Серік Абас-Шах мені бекітті", - дейді ол естеліктердің бірінде. 

Еске салайық, "Рэкетир" фильмі актерлерінің, сондай-ақ, танымал түрік және корей сериалдарындағы актерлер өмірбаянына шолу жасаған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!