"Күзет те болған". "Рэкетир" фильмінің актерлері қазір қайда?

"Күзет те болған". "Рэкетир" фильмінің актерлері қазір қайда?
Фото: Фильмнен алынған кадр

"Рэкетир" фильмі 2007 жылы экранға шыққанымен, әлі күнге дейін қазақстандық ең сәтті жобалардың бірі. Ал биыл фильмнің жарыққа шыққанына 15 жыл. Рэкетир сөзі - ағылшын тілінен аударғанда racketeer, біреудің кәсібін бопсалаумен айналысатын адам дегенді білдіреді. 90-жылдардағы заман өмірін шынайы көрсеткен фильмнің актерлері бүгінде қайда жүр? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.   

Фильмде Саянның туған кезінен бастап өмірі сипатталады. Ол бала кезінен бокспен айналысады, кейін оқуға түсе алмай, әскерге кетеді. Қызметтен кейін техникалық институтқа түсіп, жаман ортаға тап болады. Оқуын тастап, саудагерлерді бопсалаумен айналысады.  

Саян

Саянды сомдаған Саят Исембаев биыл 47-ге толады. Актер алғаш рет "Десант" фильмінде ойнаған еді. Кейін "Рэкетир" фильмінде басты рольде ойнап, танымал бола бастады. Бір қызығы, актер Селезнев атындағы Хореография училищесінің түлегі екен. Өзінің айтуы бойынша, "Рэкетир" фильміне алдына ала дайындалмаған. Ол жай кастингке келген, кейін оны режиссер байқап, басты рольде ойнауға шақырған. Бұдан 10 жыл бұрын, актер үлкен жол-көлік оқиғасына тап болып, мас күйінде көлік айдаған деген қауесет тарады. Кейін актер сол кезде жай ғана алдында тұрған көлікке соқтығысқанын айтты. Көлік иесінен кешірім сұрап, жөндеуге 300 доллар ұсынғанда, көлік иесі оны танып, көп ақша талап еткен. 

Қазір актердің екі баласы бар. Ұлы 20 жаста, қызы 9 жаста. Әйелі балерина болған, қазір үй шаруасымен айналысады. "Рэкетир" фильмінен кейін төбелес сахналарына түсуге қорқатынын айтты. 3 жыл бұрын Монғолияда "Хранители" фильміне түсіп, тіпті продюссерлерінің бірі болды. Кейінгі шыққан фильмі - "Время патриотов". Онда ол полковник Шаяхметов болып ойнайды. 

 Руслан

Есірткі сатумен айналысатын топтың жетекшісі Руслан кейіпкерін сомдаған Мұрат Бисембин биыл 50-ге толады. Ол Политехника институтын ауыл шаруашылығы инженері мамандығы бойынша бітірген. Танымал болмай тұрып, күзет болып жұмыс істеген. 

"Иә, Америка елшілігінің қауіпсіздік бөлімінде үш жыл жұмыс істеген кезім болды. Күнделікті нанымның арқасында өзіме ұнамайтын нәрсені істей алмайтыныма ашуланғам. Киноға қатты түскім келетін. Солай боларына сендім!" - дейді актер.

Актер сұхбаттарының бірінде кастингке досы шақырған соң барғанын, басты рольде ойнайтынын мүлде ойламағанын айтты. Оған Ақан Сатаевтың көмекшілері хабарласып, сізге роль тағайындалды дегенде, күзетші не оққағардың ролінде ойнаймын деп ойлаған.

Оның портретист екенін біліп пе едіңіз? Тіпті Леонардо да Винчи туралы кітап жинағы болған. Актердің екі ұлы, бір қызы бар. Ал кейінгі түскен картинасы - ресейлік "13 клиническая" сериалы. 

Әсел

Фильмдегі басты кейіпкердің бірі, Саянның әйелі Әселді Әсел Сағатова сомдады. Әсел 37-де, ал фильм түсіріліп жатқанда жасы небәрі 22-де болған. 2010 жылы экология экс-министрі Камалтин Мұхамеджановтың ұлы Радий Мұхамеджановпен отау құрды. Қазір актрисаның бір баласы бар. Тіпті ұлы 4 айында "Рэкетир 2" фильміне түскен. Актриса ұлы екеуіне гонорардың ортақ болғанын айтты. Әсел Сағатова көптен бері қайтадан киноға бет бұрды, оны "Менің атым Айсұлу", "Бишарашки" фильмдерінен көруге болады. Ал қазір "Прокурор" сериалына түскен.

 Жан 

Русланды сатып кеткен бухгалтер, кәсіпкер Жанның ролін Жан Байжанбаев ойнады. Оның шын есімі Жанат, ал тегі Аукенов екенін білген бе едіңіз? "Рэкетир" фильміне түспес бұрын, оның фильмографиясында 30 туынды болған. Фильм режиссері Ақан Сатаев актерді кастингсіз алған. Актер Нұрлан Қоянбаевтың "Қазақша бизнес" киносының барлық бөліміне түсті, одан бөлек, "Әкім", "Күшік құда" фильмдеріне түсті. 

Актер қайырымдылықпен айналысады, бірақ оны көбіне жария етпейді. 

Серіктес

Жанды өз жағына шығарып, Русланды сатып кетуге үгіттеген серіктес ролін Меңтай Өтепберген ойнады. Өкінішке қарай, актер 2016 жылы 69 жасында қайтыс болды. Ол 40-тан аса киноға түскен. "Біз - ересектер", "Жаушы", "Ақ шаман", "Жеңімпаз", "Интердевочка", "Шанхай" фильмдерінде ойнаған.

Фильмнен алынған кадрлар

Еске салайық, бұған дейін танымал түрік және корей сериалдарындағы актерлерлер тағдырына шолу жасаған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек