Ресейліктердің жаппай келуі: Қазақстан билігінің реакциясы

Көші-қон қызметі комитеті деректері бойынша, биыл Қазақстанға шамамен 4,3 миллион шетел азаматы келіп, елден 4,1 миллион адам кеткен. Оның ішінде 1 миллион 660 мыңы Ресей Федерациясының азаматтары болған, сондай-ақ, 1 640 000 ресейлік елден кеткен.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Осыған орай ресейліктер Қазақстанға үдере көшіп жатыр. Қазақстан билігі бұл жағдайға қатысты қандай пікір білдірді? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Шектеу қоя алмаймыз - Әшімбаев

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға келіп жатқан Ресей азаматтары туралы пікір білдірген еді. Оның сөзінше, ресейліктер Қазақстанда белгілі бір уақыт ішінде қандай да бір іспен айналысуды көздесе, шектеу қойылмайды. Алайда бәрі заң талаптарына сай болуы қажет.

"Ресейліктер аз мөлшерде келіп, тұруға ықтиярхат сұрай алады. Ресейліктер келіп, кейін кеткісі келсе, біраз уақыт осында қандай да бір іспен айналысқысы келсе, ешқандай сұрақ туындамауы керек, біз шектеу қоя алмаймыз. Азамат Қазақстанның мемлекеттік органдарына келіп, тұруға ықтиярхат сұраса, онда дайындауы тиіс құжаттар тізімі бар. Бұл құжаттардың ішінде ол адам келген мемлекеттің келісімі туралы тармақ бар. Бұл біздің заңдарда анық жазылған. Мемлекет азаматқа кетуге рұқсат бермей, бірақ ол бір амалын тауып келсе, Қазақстан оған тұруға ықтиярхат бере алмайды. Келісім - бұл кету парағы, оған қол қойылған болуы қажет және мөрлері болуы керек", - деді Сенат спикері.

Ресейліктер Қазақстанда қанша уақыт тұра алады?

Қазақстанда шетел азаматтарының жүруіне қатысты белгіленген шектеулер бар. Шетелдіктердің Қазақстанға келу ережесі "Халықтың көші-қоны туралы" заңы және Үкіметтің "Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және болуының, сондай-ақ, олардың Қазақстаннан кетуінің қағидаларын және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" қаулысы арқылы реттеледі. Осы ережелерге сәйкес, елде 30 күнге дейін болатын шетелдіктерге уақытша тіркеу міндетті емес.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мәліметінше, Ресей азаматы Қазақстанда 30 күннен артық қалғысы келсе, міндетті түрде көші-қон қызметіне тіркелуі керек. Осыдан кейін елде болу мерзімі 90 күнге дейін ұлғайтылуы мүмкін (30+60). Бұл мерзім өткеннен кейін азамат Қазақстаннан кетуге міндетті. Қазақстанға қайта келу елден кеткен күннен бастап 90 күннен кейін ғана мүмкін болады. Ресейліктер Қазақстанға жұмыс істеу үшін келсе, онда мұндай азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің уақытша елде болу мерзімі Ресей азаматының Қазақстандағы жұмыс берушімен немесе жұмысқа тапсырыс берушімен жасасқан еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартының ұзақтығымен шектеледі. Мұндай азаматтар Қазақстанда бір айдан аса болуды жоспарласа, көші-қон полициясына тіркеліп, еңбек шартын ұсынуы қажет. Қазақстан аумағына кірген күннен бастап 90 тәулік өткеннен кейін шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, Ресейдің жұмысшы-азаматы Қазақстан аумағынан шықпай 15 күн ішінде жаңа Еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасуға құқылы.

ҰҚК Шекара қызметі қандай мәлімдеме жасады?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілі Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдай ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді.

"Бүгінде Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстан Республикасына кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан. Орнатылған 30 автомобиль өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Адамдар мен көлік құралдары ағынының ұлғаюына байланысты төртеуінде кептеліс байқалып жатыр. Ахуал ерекше бақылауда. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп жатыр. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды. ҰҚК Шекара қызметі өзінің іс-әрекетінде халықаралық шарттарды және ҚР ішкі заңнама нормаларын басшылыққа алады", - делінген ҰҚК хабарламасында.

Көші-қон қызметі қандай мәлімдеме жасады?

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті де Қазақстанға көшіп келіп жатқан ресейліктер саны артуына байланысты ресми мәлімдеме жасаған еді. Ведомство өкілі жағдай бақылауда екенін айтқан болатын.

"Қазақстанға мигранттардың келуі мен болуы Көші-қон қызметі бақылауында. Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ....Сол сияқты ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты себеппен болу құқығы бойынша беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді. Шекараны заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдайдың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолы кесіледі", - деген еді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Ресейден Қазақстанға өтетін пункттерде көліктер саны 20 пайызға өскен

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі Ресейден Қазақстанға өткізетін пункттерде көліктер кезегі байқалғанын айтқан еді. 

"21 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына өтетін жеңіл көлік саны 20 пайызға өсті. Осыған байланысты Қазақстанға кіреберістегі Ресеймен шекараның кейбір учаскелерінде көліктер жиналғаны байқалады", - деген еді ведомство өкілдері.

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, көлік кезегі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалған.

СІМ қандай мәлімдеме жасады?

Сыртқы істер министрлігі өкілдері де Ресей азаматтарының Қазақстанға кіру және осында болу тәртібі туралы пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, алаңдауға негіз жоқ, елімізде шетелдіктер келуіне қатысты белгіленген тәртіп бар.

"Ресей Федерациясының біздің елге келетін азаматтары саны өсуіне байланысты кейбір қазақстандықтардың алаңдаушылығына орай мына мәселелерді түсіндіру қажет деп санаймыз. Шетел азаматтарының Қазақстанға кіру және осында болу тәртібі бар, оларды бақылауды ҚР ҰҚК Шекара қызметі және ҚР ІІМ жүзеге асырады. Қазір барлық мемлекеттік орган штаттық режимде жұмыс істейді және жағдайды тұрақты бақылайды. Бұл ретте кез келген ел азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасы талаптарын сақтауы қажет. Сондықтан қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және құқықбұзушылықтар әкімшілік тәртіппен тоқтатылу керек", - делінген СІМ хабарламасында.

Ресейде мобилизация жарияланды. Бұл не білдіреді?

Айта кетейік, бұған дейін Ресей мен Қазақстан шекарасында бірнеше шақырым кептеліс пайда болған еді. Желі қолданушылары Ресей мен Қазақстанның шекарасындағы кептелістерді видеоға түсірген. Ресейдің Озинки елді мекеніндегі Батыс Қазақстан облысына кіру бекетінде де жол кептелісі бірнеше шақырымға созылған. Видео авторының сөзінше, кезекте тұрғанына 10 сағаттан асқан.  

Еске салайық, бұған дейін Желіде ресейліктер Қазақстанға үдере көшіп жатқанына қатысты түрлі ақпарат тарап жатқаны, осыған қатысты түрлі әзілдер пайда болғаны туралы хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!