Бокс әлемі Головкин-Канело трилогиясы туралы не деп жатыр?

Бокс әлемі Головкин-Канело трилогиясы туралы не деп жатыр?
Фото: ©twitter.com/MatchroomBoxing

Бокс әлемі Геннадий Головкин мен Сауль Альварес трилогиясын ұзақ күткен. Кездесу аяқталған соң да сарапшылар, боксшылар түрлі пікір айтып жатыр. Бірі Канелоны сынап жатса, енді бірі Головкин қартайды дейді. Massaget.kz тілшісі жекпе-жек туралы қызық пікірлерді жинап шықты.

"Карьерасы керемет болды"

Америкалық аты аңызға айналған кіші Рой Джонс Головкиннің керемет карьерасы болғанын айтып, оған сәттілік тіледі.

"Головкин қолынан келгеннің бәрін көрсетті. Десе де, жасы да әсер етеді. Ол қарсыласын жеңуге тырысты, бірақ қолынан келмеді. Менің ойымша, бастапқыда ол Андре Уордпен кездессе жақсы болар еді, бірақ ол Канелоны таңдады. Сол үшін оны құрметтеу керек. Оның кәсіпқой бокстағы карьерасы керемет болды, мен оған өмірінің келесі кезеңінде барлық жақсылықты тілеймін", - деді кіші Рой Джонс "Матч ТВ" арнасына.


©Тұрар Қазанғапов

"Аңызға айналды"

Әлемнің экс-чемпионы, украиналық боксшы Василий Ломаченко да Геннадийдің жасын атап өтті.

"Бұл өте қызық болды. Тарихи сәт болды. Трилогия болды. Канело мықты болды, бірақ Геннадий тым қартайған сияқты. Менің ойымша, Канело Биволмен реванш өткізуі мүмкін. GGG-ге келсек, білмеймін. Бұл - оның шешімі. Ол қазір аңызға айналды. Карьерасын аяқтауы мүмкін", - деді Ломаченко FightSpace YouTube-арнасына берген сұхбатында.


©twitter.com/MatchroomBoxing

"Жекпе-жек емес, қоқыс"

Екінші орта салмақта әлемнің екі дүркін чемпионы Давид Бенавидес болса, бұл жекпе-жек түкке тұрғысыз деген ойда. Ол кезінде Головкинмен бірге жаттыққан болатын. 

"Жекпе-жек емес, қоқыс. Бірақ бәріңіз осыны тамашалағыларыңыз келді", - деп жазыпты Бенавидес әлеуметтік желіде. 

"Головкин егде тартып қалды"

Delcotimes.com порталының редакторы Джек МакКаферри Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Головкин шау тартып қалғанына тоқталды.

"Головкин егде тартып қалды. Алдыңғы екі айқаста жастау еді. Бүгін ол күш үнемдеп айқасуға мәжбүр болды. Жекпе-жектің бастапқы бөлігінде "Канело" басымдық көрсетті. Бірақ соңына таман күшін сарқып қалған Головкин жақсы соққылар көрсетті. Жалпы бәсекелі кездесу болды. Алайда бұл Альварестің лайық жеңісі. Алдыңғы екеуі даулы болса, осы жолы мексикалық жеңіс үшін көбірек күш салды. Головкинге уақыт пен күш жетпеді", - дейді сарапшы.

"Уақытты жеңу мүмкін емес"

Ал Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес Канеломен айқаста қазақстандықтың жасы өз әсерін берді деген ойда.

"Шынын айтсам, бұл айқасқа қатысты ешқандай эмоциям жоқ. Головкиннің жеңісіне үміттендім, бірақ уақытты жеңу мүмкін емес", - деп келтірді Санчестің сөзін "Матч ТВ".


©Matchroom

"Мексика жұрты Канелоны жақсы көрмейді"

Жеңіл салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы панамалық Карлос Мурильо болса, Канелоны сынап тастады. 

"Бұл ауыр, өйткені ол спорттағы үмітті сөндіреді. Осындай дүниелерге байланысты мексикалық көптеген жұрт Канелоны ұнатпайды, өйткені олар оны ақша үшін төбелеседі деп ойлайды. Қазір бәрі бизнеске байланысты. Бұрынғыдай адамдар намысы, елі үшін жұдырықтаспайды", - деп келтіреді Мурильоның сөзін prensa.com.


Фото: Тұрар Қазанғапов

"Тәуекелсіз жекпе-жек көрдік"

Ауыр салмақтағы ресейлік боксшы Дмитрий Кудряшов өзі күткен жекпе-жекті көре алмағанын айтады. 

"Біз бәріміз Геннадий мәлімдемесін ақтайтын жекпе-жекті күттік, ол осы трилогияны ақырында аяқтағысы келетінін айтқан. Альварес те бұл туралы айтты. Бірақ, шын мәнінде, біз тәуекелсіз жекпе-жек көрдік. Гена 40 жаста болса да, жекпе-жектің соңында шабуылдағаны қуантты. Ал Альварес вегандық диетамен тағы да шектен шығып кеткен сияқты, бұл оған күш пен қуат қоспайды. Жекпе-жекке дейін де жас әсер ететінін айтқанмын. Гена өзін жақсы қырынан көрсетті, жекпе-жекті соңына дейін жеткізді, соңында, тіпті, басымырақ болды. Бірақ Канело қауіптірек болады деп күткенмін. Әрең жеңді", - деп келтірді Кудряшевтің сөзін РИА Новости.


©twitter.com/MatchroomBoxing 

"Карьерасын аяқтайтын кез келді"

Головкиннің бұрынғы қарсыласы, америкалық Габриэль Росадо қазақстандық боксшыға карьерасын аяқтауға кеңес берді. 

"Бұл жақсы жекпе-жек болды, жігіттер. Мен бұл жақын жекпе-жек болатынын айттым. Жекпе-жекті стильдер жасайды және олар кездесулерін әрдайым осылай өткізеді. GGG әлі де ақылды бокс көрсетеді, бірақ Канело мықтырақ болды. Канело енді кіммен жұдырықтасуы керек? Биволмен. Ал GGG-ге карьерасын аяқтайтын кез келді, енді оған жұдырықтасудың қажеті жоқ", - деді Росадо. 

"Қартайған Головкинді нокаутқа түсірер еді"

Америкалық бапкер әрі сарапшы Тедди Атластың пікірінше, Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегі тым кеш өтті.

"Канелоның еңбегін жоққа шығармаймын, ол - нағыз жауынгер. Бірақ ол ұлы болса, қартайған Головкинді нокаутқа түсірер еді. Екеуі де жоғары деңгейін, бір-біріне құрметін көрсетті. Бірақ спорттағы көптеген жекпе-жек сияқты бұл кездесу де бірнеше жылға кешіктіріліп өтті", - деді Атлас.

Трилогия 18 қыркүйекте Лас-Вегаста өтіп, Альварес төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген болатын

Одан кейін Сауль Канело Альварес Головкинге алғыс айтқан еді. Головкин де мексикалықтың командасын құттықтап, карьерасы туралы сұраққа жауап берген.

Тоқаев Головкинге телефон шалды

Артынша Головкин Канелодан жеңілісінің себебін түсіндірген болатын.

Бұған дейін GGG жеңілісінен кейін қазақстандықтардың эмоциясы видеоға түсірілгенін жазған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш