"Күн суып кетті" дейтіндерге: демалыста қайда баруға болады?

Күз келіп, күн суытып кетті. Алайда демалыста уақытын қызық, көңілді, тиімді өткізгісі келетіндер үшін бұл кедергі бола қоймайды. Өйткені алматылықтарды 16 және 18 қыркүйек аралығында қала күніне орай мерекелік іс-шара күтеді. Massaget.kz тілшісі демалыста баруға болатын орындар тізімін ұсынады.

Демалыс күндерінде ауа райы қандай болады?

Атмосфералық фронталь бөліктер әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады.

"Алдағы үш күнде бірқатар өңірде жаңбыр жауады. Түнде республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, бұрқасын) күтіледі. Тек республиканың солтүстігі, орталығы және шығысы әлі де солтүстік-батыс ықпалында болады, сондықтан жауын-шашын жаумайды, түнде 5 градусқа дейін аяз күтіледі", - делінген хабарламада.

Күндізгі ауа температурасына келетін болсақ, еліміздің оңтүстігінде 35 градус, солтүстікте, шығыста, орталықта 15-25 градусқа дейін ыстық болады. 

Концерт, айтысты қайдан тамашалауға болады?

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Тұңғыш Президент саябағы, Абай алаңы, Панфилов және Жібек жолы көшелері, Абай атындағы ҚҰОБТ алдындағы алаңда, Астана алаңы және "Алматы Арена" мұз сарайында мерекелік іс-шаралар өтеді.

17 қыркүйекте сағат 17.00-де "Астана" алаңында Gakku дауысы заманауи қазақстандық музыка фестивалі өтеді. Қаланың мына аудандарында мерекелік концерт өтеді: Алатау ауданы: "Алатау" дәстүрлі өнер театры алдындағы аумақ; Алмалы ауданы: Mega Park СОО аумағы; Әуезов ауданы: Family park аумағы; Бостандық ауданы: Mega Almaty; Жетісу ауданы Құлагер шағынауданының жаяу жүргіншілер аймағы; Медеу ауданы: Орталық мәдениет және демалыс саябағы; Наурызбай ауданы: Шұғыла көшесі, 347 мекенжайындағы әкімдік ғимаратының алды; Түрксіб ауданы: Сейфуллин атындағы саябақ.

17-18 қыркүйекте сағат 11.00-ден бастап Абай атындағы ҚҰОБТ алдындағы алаңда (Жібек жолы және Панфилов көшелерінің қиылысы) 1940-жылдардан бастап қазіргі күнге дейінгі қаланың мәдени-тарихи дәуіріне арналған "Сүйемін сені, Алматы" фестивалі өтеді.

18 қыркүйекте сағат 11.00-де Тұңғыш Президент саябағында Алма fest мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылады, соның аясында алма жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама және көптеген іс-шара өтеді. Ал 18.00-де Almaty Arena мұз кешенінде Salem Almaty концерті өтеді, 19.00-де "Астана" алаңында Zhuldyzdy Live концерті болады.

Ашық аспан астындағы киноны қайдан көруге болады?

Қалада шатырдағы кинотеатрда (@open_cinema_almaty) ашық аспан астындағы кешкі кинокөрсетілімдерді тамашалауға болады. Өтетін орны - Орманов көшесі, 7. Байланыс телефоны: +7 700 650 49 86. Кіру құны - 3000 теңге.

Таудағы демалыс: қайда баруға болады?

Алматыда демалыс күндері баратын табиғаттағы нысан өте көп. Ақылы қызмет көрсететін турлар арнайы орындардан бөлек, атпен серуен, көпшілікпен бірге тауға шығу секілді ерекше демалыс түрлерін де ұсынады. Мұндай турлар көп екені белгілі, демалыста осындай белсенді демалысты қаласаңыз, Instagram көмекке келеді. Әр тур бірнеше күн бұрын бағыттарды, уақыты мен ақысын жариялайды.

Ал ешқандай қаржысыз, тауда демалуды жөн көрсеңіз, Көкжайлау, Жапон жолы, Алмаарасан, Құмбел, Үш ағайынды, Фурманов, Аюсай, Медеу, Шымбұлақ, Мыңжылқы секілді Іле Алатауының шыңдары мен шатқалдарына достарыңызбен бірге шығып, әдемі көріністі тамашалап, уақыт өткізуге болады.

Театр: не, қайда, қашан?

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 17 қыркүйекте сағат 11.00-де "Ойнайық та, ойлайық!" атты премьера, ал сағат 18:30-да
"Ұмытыңдар оны" қойылымы, 18 қыркүйекте сағат 18:30-да "Баянсыз бақ" қойылымы көрсетіледі. Билет құны 600 теңгеден басталады. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 17 қыркүйекте сағат 19:00-де "Сара" қойылымы көрсетіледі. Бағасы - 6000 теңге.

Тағы қандай қызық болады?

Сондай-ақ, алматылықтарды Сиверс алма апталығы күтеді. Ол 18 қыркүйекке дейін сағат 12:00 - 15:00 аралығында болады. Апталық аясында тілек білдірушілер үшін тегін дәрістер өтеді. Мұнда әлемдегі ең танымал жемістердің пайда болуы туралы ерекше деректерді білуге болады, сонымен қатар, Сиверс алма ағашы бойынша мамандармен сөйлесіп, алмалардың дәмін тата аласыздар. Өтетін орны: "Аюсай" Визит-орталығы, Көкшоқы көшесі, 1а/1, ал кіру құны тегін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!