Үш ай ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім - Тоқаев

Үш ай ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім - Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда өрт салдарынан зардап шеккендер үш ай ішінде баспаналы болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Расында, бұл - үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол - бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, Қостанай облысында табиғи өрт шыққан еді. Бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлінген. 1800-ден аса адам эвакуацияланған. 10 адам жарақат алған, оның ішінде күйік шалғандар, уланғандар бар. Сонымен қатар, 1935 жылы туған ер адам қаза болды. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өрт сөндіру шараларына басым назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажет қаражат бөлу керегін айтты. Сондай-ақ, Президент табиғи өртті сөндіру жөніндегі жұмыстардың барысымен танысу үшін өңірге өзі келді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысында өрт кезінде баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлер салынатынын айтты. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы зардап шеккендерге көмек ретінде қаражат жинала бастағанын жариялады. Сонымен қатар, бірнеше компания мен қоғамдық ұйым өкілдері үйлерінен айырылған тұрғындарды қолдайтынын мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова