Қостанай облысында балаларға көмектесетін жедел штаб құрылды

Қостанай облысындағы жедел штабта зардап шеккен елді мекендердің балаларына қолдау көрсететін мамандар жұмыс істейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірге оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев пен балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев барады. Мектептерде эвакуациялық орталықтар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, балалар жылы киіммен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген

"Жағдай тұрақталғанша облыста 3 мыңнан аса оқушы қашықтан білім алады. Бұл үшін штаб қызметкерлері білім басқармасының өкілдерімен бірге барлық жағдайды жасайды. Көмекке мұқтаж балалар мектепте, олар қауіпсіз жерде, денсаулықтарына да ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", - деді оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға балаларын білім алуына және тұруына жағдай жасалған "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды. Бұл тәжірибе бұрын болған төтенше жағдайлар кезінде қолданылған.

Балаларға жедел көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін Оқу-ағарту министрлігі тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондарын іске қосты: Bala qorgau Telegram-арнасы, 87761707383, +7 777 183 6567, +77013786629.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында көлік, пойыз қозғалысы қайта жанданғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, ТЖМ өкілі өрт кезінде он адам зардап шеккенін айтты.

Кейінірек ТЖ министрі Юрий Ильин 86 жастағы ер адамның денесі үйінді астынан табылғанын мәлімдеді. Ал өрт аумағы 43 мың гектарға жеткен еді.

ТЖ басшысы Мемлекет тарапынан Қостанай облысында орман өрті кезінде зардап шеккен үйлерді тез арада қалпына келтіруге көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Сонымен қатар, өрт сөндіруге Қарулы Күштер жұмылдырылды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы көмек көрсету акциясын ұйымдастыратынын жариялады. Halyk bank Қостанай облысында орман өрті кезінде үйлері өртеніп кеткен отбасылар банктен миллион теңге көмек ала алатынын айтып, банк басшылығы үйлері жанып кеткен адамдардың Halyk Bank-тегі несиелерін есептен шығару туралы шешім қабылдады.

Қару-жарақ дүкенінде 3 қыркүйекте шыққан өрттен қаза болғандар саны 4 адамға жетті. Бас прокуратура Қостанай облысындағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғады.

Сондай-ақ, ТЖМ Қостанай облысы ормандарында өртсөндірушілер тілсіз жаумен қалай күресіп жатқанын көрсететін сурет, видео жариялаған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!