Қазақ тойларына жаңа тренд келді: Жігіттер жұртты қалай таңғалдыра алады?

Қазақ тойларына жаңа тренд келді: Жігіттер жұртты қалай таңғалдыра алады?

Әлеуметтік желіде норвегиялық үйлену тойда күйеу жігіттің достары билеген видео тарады. Видео жаздың басында ондаған миллион қаралым жинаған еді. Таяуда қазақ тойларының бірінде күйеу жігіт пен оның достары трендтегі биді қайталап, Қазнетті тәнті етті. Tengri LifeStyle тілшілері оқиғаның егжей-тегжейін білді.

Алғашқы видеода норвегиялық би тобы жас жұбайларға сыйлық ретінде қойылым көрсетті. Үндінің Kala Chashma әніне күннен қорғайтын көзілдірік киіп билеген жігіттер желі қолданушыларын қызықтырды.

Олардың билеген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап қана қоймай, шетелдік БАҚ-та да қызу талқыланды.

Қазақстандықтардың да тойлардың бірінде бұл биді қайталауға шешім қабылдағаны таңғаларлық жағдай емес. TikTok-қа жүктелген видеода төрт жігіт танымал үнді әніне дәл солай жарқын-жарқын билейді.

@jugger_sfr Душевная свадьба была ? #обучениетанцам #хипхоп #афродэнс #современныетанцы #рек #алматы ♬ оригинальный звук - Zhiger

Видео бір-екі күнде миллионнан аса қаралым мен 174 мыңнан аса лайк жинады.

"Үйлену тойың былай өтпесе, мені шақырмаңдар", "Әр жігіт достары тойын көтерсе екен деп армандайды", "Енді бұл әр тойдың дәстүрлі биі", "Қандай тамаша жігіттер", - дейді желі қолданушылар. 

Видео кейіпкерлері кәсіби бишілер екен, ал күйеу жігіттің өзі де бұрын бимен айналысқан. Бұл туралы Tengri Lifestyle-ға хореограф Жігер Сафарғалиев айтып берді. Видео оның аккаунтында жарияланған. Жігер Алматыда заманауи би түрінен сабақ береді.

"Видеода біздің би тобымыз. Мұнда елдің үздік хореографтарының бірі Виталий Марков-Цой, биші Алан Дияровты көруге болады. Ортада күйеу жігіттің өзі Абдурасул биледі. Біраз уақыт ол бізбен бірге биледі. Оның әйелі Мадина да біздің командада болды. Олар біздің достарымыз", - деді ол.

Күйеу жігіт үйлену тойына жігіттерді шақырып, онымен бірге билеуді ұсынған.

"Бұл тосынсый болды. Қалыңдық бұл туралы білмеді. Біз TikTok трендтерінен би жасадық. Шамамен екі апта дайындалдық. Досымызға қосымша дайындық қажет болды. Ол қазір көп жаттығып, билемейді. Оған жаттығу керек болды", - деді Жігер Сафарғалиев.

Достар биді телефонға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеуге шешім қабылдады. Алайда жігіттер оның танымалдылыққа ие болатынын күтпеген.

"Мен видеоны көрермендер ұнатуы мүмкін деп ойладым, бірақ сонша қаралым жинайды деп күтпедім, қаралым әлі өсіп жатыр", - деді Жігер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек