"Қызыл раушан" әні басында ұнамаған - әнші Ұланғасыр Қами

Желіде хит болған "Қызыл раушан" әнін орындайтын Ұланғасыр Қами "Жұлдыз FM" қонағы болып, өнерге қалай келгенін, хит әні қалай жазылғанын айтып, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz

Ұланғасыр сұхбатында қай өңірдің тумасы екенін, ерекше есімі не білдіретінін әңгімеледі.

"Есімімді Қами атам қойған. 1999 жылы тудым. "2000 жылы жаңа ғасыр келе жатыр, ғасырдың ұланы болсын" деп Ұланғасыр қойған екен. Өзім Қарағанды облысы, Шет ауданы, Талды ауылында дүниеге келдім. Сонда оқыдым. Қарағандыда университет бітірдім. Эстрадаға көшкеніме 1 жыл болды. Қазір Алматыда тұрып жатырмын", - деді әнші.

Сурет: Ернар Алмабек/ Massaget.kz

Өнерпаздың сөзінше, өзі "Қызыл раушан" әні хит болады деп күтпеген.

"Қызыл раушан" әнін продюсерім Назерке Жартын әннің композиторы Амангелді Көшербаевтан сатып алды. Қоймай сатып алды, ол кезде ұнамады, өзім алғым келмеді. Хит болатынын білмедім, продюсерім біліпті. Сөзін қарағандылық Мирас Асан деген жерлесім жазды", - дейді ол.

Сурет: Ернар Алмабек/ Massaget.kz

Желіде әнші ақ раушанды жерге лақтыратын жері қызу талқыланып жатыр. Ұланғасыр бұл әдейі ойластырылмаған әрекет екенін түсіндірді.

"Белые розы тербеткен би алаңын" деп бірінші ақ раушанды көрсеттік. Одан кейін жай видео ғой. Ақ раушанды ұстап тұрып, монтажсыз істеп жатқан соң, лақтырғаным білініп қалған. "Мін табамын" деген адамдарға табыла қалған нәрсе. Клиптің сценарийін өзіміз жаздық. "Ғасыр production" деген шағын продакшнымыз бар. Режиссер де, бәрі өзіміз болдық. Талды ауылының халқымен бірге түстік. Тегін, қолдап түсіп берді", - деді әнші. 

Сурет: Ернар Алмабек/ Massaget.kz

Ұланғасыр Қами алғашында айтыс өнеріне қадам басқан екен, қазір эстрада жанрына ойысқан.

"Қызыл раушаннан" кейін тойға сұраныс көп. Бұл - 12-әнім. Бұған дейін дәл осылай танылған жоқ. Өзім 10 жасымнан 20 жасыма дейін оқушылар айтысынан Жүрсін Ерман атамыздың айтысына дейін шықтым. Қазір айтыспаймын, тек эстрада", - деді Ұланғасыр Қами. 

Еске салайық, бұған дейін Желіде Ұланғасыр Қами есімді әншінің "Қызыл раушан" атты әні кең тарап жатқаны хабарланған болатын. Қазірге дейін ресми арнада бейнебаян миллионға жуық қаралым жинаған.