Ұйқы кезінде сөйлеу қауіпті ме? Сомнологпен сұхбат

Ұйқысыздық адам өміріне едәуір зиян келтіреді. Тіпті осының салдарынан бірнеше ауру туындап, адамның сал немесе зиянды нәрсеге тәуелді болу қауіпі жоғары. Massaget.kz тілшісі психотерапевт-сомнолог Қанат Жұмышевтан ұйқысыздыққа әсер ететін факторлар, түс көру ерекшелігі тақырыбында сұхбаттасты.

"Ұйқыға жатудың ережесі жоқ"

Оның айтуынша, ұйқы - қорғаныс механизмі. Адам күні бойы физикалық қозғалыста болады да, ұйқыда адамның ағзасы демалады.

"Телефонды қуат көзіне қойған секілді ұйықтағанда біз де күш-қуат аламыз. Сол секілді адам уақытылы ұйықтау керек. Қазір адамдардың, әсіресе әйелдердің 35-40 пайызы ұйқысы бұзылған. Бізде мектепте 7-8 сағат ұйықтау керек деп үйретеді. Сол себепті кейбір адамдар 5-6 сағат ұйықтаса, өзін "бақытсыз" сезінеді. Олай емес. Әр адам индивид болғандықтан ұйқы да әркімде ерекше. Көп ұйықтайтындар да, аз ұйықтайтындар да бар. Бірақ ұйқының минимал уақыты 5 сағат болып есептеледі. Алайда бұдан аз ұйықтау өмір сапасына және денсаулыққа кері әсерін береді. Адамның ұйқысы жасы ұлғайған сайын өзгеріп отырады. Мәселен, спортпен айналысып, көп оқитын, жұмыс істейтін адамның ұйықтау уақыты да көбірек болады. Ал бірсарынды өмір сүретін жанның ұйқысы аз болуы мүмкін", - деді ол.

Сомнолог ұйқыға белгілі бір уақытта жату ережесі туралы атап өтті.

"Дұрыс ұйықтамағаннан бас, жүрек, бауыр, асқазан, бүйрек ауырады. Ағза өздігінен осылай бұзыла бастайды. Басқа тіршілік иелері секілді адам да жұмыс істеген соң табиғат заңына сәйкес ұйықтауы тиіс. Ұйықтамаса зардап шегеді. Жалпы "мына уақытта ұйқыға жату керек" деген нақты бір ереже жоқ. Кейбір адамдар "ойбай, сағат 10 болды, ұйықтауым керек" деп өздерін қинап жүреді. Бұл дұрыс емес. Кішкентай кезімізде ойнап-ойнап келіп, шаршап уақыттың қанша болғанына қарамай ұйықтаушы едік қой. Әрине, белгілі бір уақытты сақтаған жақсы. Бірақ белгілі бір ережеге салып, олай ағзаны қинаудың қажеті жоқ. Көптеген адамдарда бәрі уақыт бойынша тұрады, "6-да тұрамын, 10-да ұйықтаймын" деген сияқты. Олай ағзаны қинаудың қажеті жоқ. Себебі біз тірі адамбыз ғой. Тек жай ғана бәрін ыңғайыңызға қарай ұйымдастыру керек", - деді дәрігер.

"Аурудың шешімі  - адамның өзінде"

Ұйқысыздық кезінде тыныштандыратын дәріні пайдалану адам азғасына тәуелділікке алып келеді.

"Ұйықтататын дәріні пайдалану мүлдем дұрыс емес. Маған кейде адамдар "қалай дәрісіз адамды ұйықтауға үйретесіз, біз жылдар бойы қиналамыз ғой" деп сұрап жатады. Дәрі ішу мүлде дұрыс емес. 1,5,10,тіпті 20 жыл ұйқысыздықпен қиналып жүрген жандарға біз бір күнде дұрыс ұйқы режимін құрастырып береміз. Қалай дейсіз ғой? Дәрігерлердің кез келген емді қолдануда стандарты болады. Бізде де солай, ұйқысыздықтан емдеудің арнайы стандарты бар. Стандарт бойынша, ұйқысыздыққа душар болған адамға тыныштандыратын түрлі дәрілер, антидепрессанттар беріледі. Егер басылмаса, одан жоғары көрсеткіште әсер ететіндерін тағайындайды. Алайда ұйқысыздықты мұндай дәрілермен емдеу дұрыс емес. Адам ағзасына зиянын тигізбесе, пайдасын әкелмесі анық. Кез келген аурудың шешімі адамның өзінде", - деді ол.

Дәрігер  ұйқысыздықтың салдары туралы айтты.

"Ұйқысыздықтың бәрі күйзелістен, неврозға шалдыққан адамдар арасында болады. Тибеттік дәрігермен кездесіп, "невроз дегеніміз не "деп сұраған едім. Сол кезде ол "адам өмірден көп нәрсені қалайды, соны талап етеді" деп жауап берді. Біз үнемі белгілі бір қозғалыста жүреміз. Демалуды ұмытып кетеміз. "Тез мынаны бітіру керек, тез анда бару керек" дейтініміз көп. Әсіресе жастар түнімен компьютерде отырады, күнімен төсекте жатады. Олар шаршағанын сезбейді. Бізде ауылда балалар секіреді, ойнайды, физикалық жаттығудан бірден шаршайды ғой. Ал қалалық балалар бәрі телефонда отырады да, ештеңеге зауқы соқпай қалады", - деді ол.

"30 жыл бойы үш дәрінің көмегімен ұйықтаған"

Оның айтуынша, ұйқысыздық - адамдардың ең басты мәселесі.

"Маған тек ТМД ғана емес, Балтық елдерінен де келетіндер көп. Тіпті дәрігерлер де келіп, қаралып жатады. Негізі адамдар ұйқысыздық кезінде кімге қаралатынын білмейді. Көпшілігі невротолог дәрігерге қаралады. Олар адамға тыныштандыратын дәрілер береді. Психиатрға барады, олар да сондай психотроптық дәрілер береді. Ал ұйқысыздықтың негізгі себебі адамның жан-дүниесіндегі өзгерісте. Осыған ешкім мән бермейді. Ал негізінде ұйқысыздыққа шалдыққан адам сомнолог-психотреапевтке көрінуі қажет. Бұл маман ұйқысыздыққа шалдыққан науқаспен шынымен ем жүргізеді. Қалай болып жатыр,  бұған не себеп болды, осыны анықтайды", - деді ол.

Сомнолог өзіне келген пациенттердің нәтижесімен де бөлісті.

"Кавказдан бір адам хабарласты. "30 жылдан бері ұйқысыздыққа шалдықтым, маған көмектесесіз бе" деп сұрады. Сенесіз бе, күніне үш дәрімен ғана ұйқыға жатады. Уәде бермедім, бірақ "көрейік, келіңіз" дедім. Себебі медицина 100 пайыз ештеңеге уәде бермейді. Біз 10 күн сөйлестік. Бір жарым айдан соң ол "дәрігер , мен еш дәрі қолданбай ұйықтаймын деп ойламаппын" деп жылап хабаласты. Себебі осы уақытқа дейін бүкіл дәрігердің алдына барған, барлық ем түрін қолданған. Бірақ нәтиже болмаған. Ал негізгі себебі өзінің ішкі жан-дүниесінде болып тұр", - деді ол.

Ұйқысыздықтың себептері қандай?

Қанат Жұмышев ұйқысыздыққа шалдығудың себептерін атап айтты.

"Біріншіден, жүйке жүйесі шаршаған, күйзеліске түскен, яғни адам шектен тыс үйде де, жұмыста да жұмыс істесе, жағдайы үнемі күйзелісте, шаршаңқы болса - бұл адамды неврозға шалдықтырып, ұйқысыздыққа әкеледі. Яғни ұйқының бұзылуына әсер етеді. Екіншіден, адамның созылмалы аурулары себеп деп айтар едім. Мәселен, қант диабеті, туберкулез, инфарк, инсульт, онкология секілді қандай да бір ауру адамды мазаласа, ұйқының дұрыс болмауына әкеледі. Үшіншіден, психикасында ауытқуы бар адамдар ұйқысыздыққа шалдығады. Яғни психикалық аурулар, шизофрение т.б. Соңғы топтағы пациенттерді емдеуден бірден бас тартамын. Себебі олармен тек қана медикаментозды ем жүргізіледі. Олар психотерапевтпен жұмыс істеуі тиіс. Психикалық ауруға шалдыққандар - өмірде қатты шаршаған, лабиринтке тап болып содан шыға алмай жүрген жандар. Ұйқысыздық өзі не ауру емессің, не сау емессің, түсініп болмайтын ауру ғой. Бұл ауруға шалдыққандар таңертең тұрғанда "қалай ұйықтаймын" деген мәселемен тұрады. Оларға қоғамдағы, туысқандардың мәселесі қызық емсе. "Қалай ұйықтаймын" деген сұраққа жауап іздеп жүреді", - деді ол.

Сондай-ақ, дәрігер ұйқысыздықпен дені сау адамдар да ауыратынын айтты.

"Бастапқы кезеңде көп адам бірден дәрігерге барып, ем қабылдамайды. Себебі ұйқысыздықтың алғашқы белгілерін байқамауы мүмкін. Бастапқыда 2-3 сағат, таңға дейін ұйықтамау, осылай ұзаққа жалғаса береді. Сосын әбден бірнеше жыл осы дерт меңдеген кезде ғана дәрігерге жүгіреді. Дегенмен сомнолог-психотерапевт маман адамның жан-дүниесіне үңіліп, өзімен сөйлесу арқылы бұл аурудан айықтыруға көмектеседі деп айтар едім", - деді ол.

Ұйқы кезінде сөйлеу, жүру, қорылдау қауіпті ме?

Ұйқы кезіндегі адамдардың сөйлеуі, жүріп, басқа бөлмеге кетуі туралы да дәрігерден сұрадық.

"Түнде сөйлеу, жүру - бұл патологиялық өзгерістердің бірі. Адам өзі түнде сөйлеп, бірақ білмесе дереу тексерілуге кеңес беремін. Кез келген ауруды бастапқыда емдеуге болады. Сондай-ақ, ұйықтап жатқанда қорылдау да тыныс жолдарының дұрыс еместігінен пайда болады. Бірақ қорыл емделеді деп айта алмаймын. Көптеген лор дәрігерлер мұндай жағдайда лазерлік ота жасатуға кеңес береді. Ең бастысы салмақ тастау керек. Артық салмағы бар адамдарда қорылдау жиі кездеседі", - деді ол.

Түс көрудің маңыздылығы жөнінде де кәсіби маман айтты.

"Түс жоруды ғылым жоққа шығарады. Кейде адамның ойы, мақсаты, арманы, қалауы түске енеді. Сол үшін түс – өмірде қалаған нәрсенің образы деп айтар едім. "Мына түс нені білдіреді, бұл бекер емес" деп әр нәрседен көре беруге болмайды. Мұның бәрі адамның ішкі қалауынан туындайды. Сондықтан да, ұйықтап жатқанда көрген образды жай ғана түс деп қабылдаған жөн. Оны ойлап, белгілі бір қорытынды шығарудың қажеті жоқ. Түсін жақсылыққа жорып, ырымдататандыр да бар. Бірақ кәсіби маман ретінде мұндайға сенудің, табынудың  қажеті жоқ дер едім", -деді ол.

Күндізгі және түнгі ұйқының айырмашылығы неде?

Сомнолог күндізгі ұйқының маңыздылығын атап өтті.

"Табиғатта күн мен түн бар. Екеуі кезектесіп жүреді. Адам да осы тіршілік иесі болғандықтан табиғат заңына бағынуы керек. Бізде IT, бұдан бөлек бірнеше мамандық иелері күндіз ұйықтап, түнде жұмыс істейді. Ондай жандарға мамандығын ауыстыру керек деп кеңес берер едім. Түнгі ұйқы бәрібір күндізгі ұйқыға қарағанда пайдалы. Адамдар ақшаның артынан қуып, түнгі ауысымда жұмыс істеп жатады. Ал негізінде ең үлкен байлық - денсаулық. Соны кез келген адам түсінуі тиіс", - деді дәрігер.

Маман жақсы, сапалы ұйықтау үшін бірнеше кеңес айтты.

"Адам жақсы ұйықтау үшін үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүру керек. Жақсы эмоция - махаббат, сүйіспеншілік, жақсылық жасау, қуану, мұның бәрі ағзамызға керемет энергия береді. Біз осындай эмоциялармен өмір сүруіміз керек. Бір-бірімізге жақсылық жасап, қолымыздан ондай келмесе жамандыққа жол бермеген жөн. Жүрек көре алмаушылық, ашу, агрессияға толы болса, адамда өмір сүру қиындайды. Адам өмірінің жартысынан көбі ұйықтайды деп есептесек, энергиясы да жағымды болуы керек", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!