Қазақстандықтар төтенше жағдайлардан кейін қаншалық үйін сақтандырды?

Қазақстандықтар төтенше жағдайлардан кейін қаншалық үйін сақтандырды?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Алматыда тұрғындар қаңтар мен наурызда екі бірдей қатты жер сілкінісін сезді. Халық үйлерін тастап, көше кезіп кетуге мәжбүр болды. Ал жер сілкінісінен кейін үйін сақтандырғандар немесе мүлкін сақтандыру тақырыбында ізденгендер көп болғаны да жасырын емес.

Massaget.kz тілшісі бұл процесс қалай жүретініне шолу жасап көрді.

  • Тұрғындар үйін сақтандыруға қызығушылық таныта бастады

4 наурызда сағат 11.22-де Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде энергетикалық класы 13.2, MPV магнитудасы 6.1 болатын жер сілкінісі тіркелді. Ал Алматы қаласында бұл 5 балл болып сезілді.

Жер асты дүмпуінің екінші жойқын күшін сезгеннен кейін әлеуметтік желілер мен чаттарда үйін сақтандырғысы келетіндердің сауалдары да көбейді.

  • Қазақстандықтар қаншалық үйін сақтандырған?

Nomad Insurance сақтандыру компаниясының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың екі айында қазақстандықтар 190 сақтандыру шартын рәсімдеді, бұл былтырғымен салыстырғанда 2,2 есе көп. Полистердің басым бөлігін Алматы тұрғындары сатып алыпты.

Tengrinews

Бір ғана сақтандыру компаниясында 106 шарт жасалған, оны 1 апта ішінде, яғни 4-11 наурыз аралығында рәсімдеген. 72 полисті клиенттер офлайн, 34 полисті сақтандыру компаниясының сайтында онлайн сатып алыпты.

Қазақстандықтар жер сілкінісінен бөлек, өрт, жарылыс, су тасқыны, дауыл, көшкін секілді табиғи апаттар кезінде де мүліктерін сақтандыра алады. Тіпті ұрлық пен тонау кезінде де сақтандыра алады екен.

  • Мүлікті сақтандыру заң тұрғысынан қауіпті емес пе?

Заңгер Думан Көпбаев заңды тұрғыдан мүлікті сақтандырудың қаупі бар-жоғын түсіндірді.

"Сақтандыру дегенді техногендік апаттар, табиғи апаттар, жазатайым оқиғалар салдарынан адамдар мен ұйымдардың денсаулығына, өмірі мен мүлкіне келтірілген залалдың орнын толтыру деп түсінеміз", - деді ол.

Сарапшы пікірінше, табиғи апаттан мына нәрселерді сақтандыруға болады:

- тұрғын үй (пәтер немесе үй);
- көлік;
- өмір және денсаулық;
- мүлік.

Ал мүлікті сақтандыруға тура келетін жайттарға мыналар жатады: дауыл, торнадо, тайфун, құйын, табиғи өрттер, қар аралас жауын-шашын, бұршақ; сел, қар көшкіні; су тасқыны; жер сілкінісі.

"Әрине, үйді сақтандыруда адамдар ұтады. Заңды жағынан қауіп жоқ", - деді заңгер.

  • Өтемақы төленбейтін жағдайлар болуы мүмкін бе?

Заңгер Думан Көпбаев кейбір жағдайда өтемақы берілмеуі мүмкін екенін айтты.

"Өтемақыдан бас тартудың себебі форс-мажор жағдайлар, яғни тараптардың ешқайсы болжай алмайтын және оның алдын ала алмайтын оқиғалардың басталуы болуы мүмкін. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес форс-мажорлар:

- ядролық жарылыс, радиация немесе радиоактивті инфекция;
- әскери іс-қимылдар;
- азаматтық соғыс, кез келген түрдегі халықтық толқулар немесе ереуілдер", - деп түйіндеді сарапшы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова