"Шенеуніктерге қарағанда иттің пайдасы көп". Желіде қап тасып, дамба салуға көмектесіп жүрген ит көптің жүрегін елжіретті

"Шенеуніктерге қарағанда иттің пайдасы көп". Желіде қап тасып, дамба салуға көмектесіп жүрген ит көптің жүрегін елжіретті
Фото: Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде қап тасып, дамба салуға көмектесіп жүрген ит бейнеленген видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырау облысы Сарытоғай ауылында дамба салуға көмектесіп жүрген иттің аты - Пшөн. Видео авторының айтуынша, Пшөн дамба салу тақырыбы көтерілгеннен бастап жүр.

"Бұл Пшөнді көшеге жіберсең, ит ататындар келіп атып тастайды ғой. Сол ит ататындар өздері бір қапшық болсын тасыды ма екен? Қапшық тасымаса, өздерін атып тастау керек. Оларға қарағанда ауылға Пшөннің пайдасы тиіп тұр. Пшөн ұқсап ешкім жүрмеген шығар, дамбаның мәселесі қашан басталды, содан бері соңына дейін деп әлі жүр", - дейді видеодағы ер адам дауысы. 

View this post on Instagram

A post shared by TengriNews (@tengrinewskz)

Осы тұста Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген. Бірі иттің бұл іс-әрекетіне сүйсінсе, енді бірі қап салмағы ит үшін өте ауыр екенін жазған.

"Салмағы ауыр қапты итке асып қойыпты, кейін ол сал болып қалса, бұл адамдар оны емдемейді ғой", "Байғұс-ай, кейін оның арқасы ауырады ғой, недегенімен ит ат емес", "Қапты кінәлі адамдар тасысын", "Бұлай істеуге болмайды, иттің омыртқалары мұндай салмақты көтере алмайды", "Итті бұлай қорлауға бола ма екен?, "Тіпті ит те өз халқына көмектесіп жатыр, ал Үкіметке бәрібір", "Қалай иттерді жақсы көрмей, оларды ренжітуге болады?", "Ит ең жақсы әрі адал дос", "Иттің шенеуніктерге қарағанда пайдасы көбірек", "Жаным сол", - деп жазған олар.

Тағы да оқи отырыңыздар: Әребек деген не?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә