Ағзадағы құрттарды шығаратын қандай халықтық әдістерге сенуге болмайды?

Ішек құрттары – өмір сүру ортасы ретінде адам ағзасын таңдай алатын паразиттер. Ғылымда 300-ден аса паразиттік құрттар белгілі. Олардың өз ерекшеліктері бар және олар ағзаға әртүрлі әсер ете алады. Құрттармен зақымдануды гельминтоз деп атайды. Жағымсыз паразиттерден қалай арылуға болады және қандай халықтық әдістерге сенбеген жөн? Бұл сұрақтарға гастроэнтеролог Андрей Констанденков жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.

Оны жұқтырып алу оңай

"Тамаққа ластанған суды қолданғаннан, жемістер мен көкөністерді дұрыс жумай жегеннен және жеткілікті түрде термиялық өңделмеген ет пен балықты жегеннен құрттарды жұқтырып алуыңыз мүмкін, - дейді дәрігер. – Паразиттер ағзаға жиі жеке гигиена ережелерін сақтамағаннан түседі. Сондықтан да гельминтоз әсіресе балаларда кездеседі. Алайда оны ересектерде де жұтырып алады."

Оны жүрек айну, құсу, анал тесігінің қыши беруі, тәбетпен проблема және жылдам шаршап қалу секілді белгілерден анықтауға болады.

"Бұл белгілердің барлығы гастроэнтерологқа баруға себеп болуы керек. Өкінішке қарай, адамдар дәрігерге қаралуға асықпайды. Олар оның орнына бұл проблемадан өз бетінше арылудың жолдарын іздейді. Олар бірінші кезекте халықтық әдістерді қолданады", - дейді гастроэнтеролог.

Ішек құрттарына қарсы халықтық әдістер

Ішек құрттарына қарсы құралдарға әдетте түрлі шөптік тұнбалар мен шайлар, сарымсақ, асқабақ дәндері, ас содасы, сәбіз шырыны, майсана майы және тіпті конъяк жатады. Оларды қолдану әдістері де әртүрлі: бірін ішу ұсынылса, басқаларын клизма түрінде қолдану керегі айтылады.

"Ішек құрттарына қарсы дәрі-дәрмектер сертификат алар алдында ұзақ уақыт бойы зерттеулерден өтеді, ал халықтық рецептілердің тиімділігі адамдардың бір-біріне айтуымен ғана таралады, - дейді дәрігер. – Бұл объективті емес бағалау және оның ғылыми түсіндірмесі жоқ".

Аллергия қаупі

Ішек құрттарына қарсы халықтық әдістер түрлі шөптерден жне басқа да табиғи компонеттермен тұрады. Сондықтан ең басты қауіп – аллергиялық реакциялар. Көптеген адам қандай да бір шөптік шайдың құрамындағы өсімдікке аллергиясы бар екенін білмеуі мүмкін.

Іштің кебуі

Халықтық рецептілер аллергиялық реакция беріп қана қоймай, басқа да жағымсыз реакция тудыруы мүмкін.

"Мысалы, сарымсақ шырынымен клизма жасау тік ішектің шырышты қабығын тітіркендіруі мүмкін, - деп ескертті дәрігер. – Ас содасымен клизма жасау су-электролитті тепе-теңдікті бұзуы және ішектің табиғи микрофлорасын зақымдауы мүмкін".

Оған қоса, көптеген халықтық құралды аш қарынға ішу ұсынылады.

"Мысалы, сарымсақ немесе асқабақ дәндерін алатын болсақ, оларды аш қарынға жеу асқазан шырыштысын тітіркендіреді, іштің кебуі және басқа да асқорту проблемаларын тудыруы мүмкін", - дейді маман.

Қарсы көрсетілім бар

Халықтық рецептілердің ресми нұсқаулығы болмағандықтан, қарсы көрсетілім тізімі жоқ. Алайда бұл оларға қарсы көрсетілім жоқ деген сөз емес. Сондықтан созылмалы аурулары бар адамдар әсіресе мұқият болуы керек.

"Қандай да бір халықтық өнімнің асқазан жарасына, панкреатит немесе артериялық гипертензияға қалай әсер ететінін алдын ала білу мүмкін емес. Сондай-ақ халықтық әдістердің адамның ішіп жүрген дәрілеріне қалай әсер ететіні белгісіз", - дейді Андрей Констанденков.

Маман гельминтозды гастроэнтеролог немесе  инфекционист  емдеу керегін айтты.

Оқи отырыңыз: Баланың ішегінде құрт бар екенін қалай білуге болады?