Баланың ішегінде құрт бар екенін қалай білуге болады?

Баланың ішегінде құрт бар екенін қалай білуге болады?
Фото: ru.freepik.com

Ішек құрттарын жұқтыратын қауіпті уақыт - жаз-күз мерзімі. Жемістер мен көкөністердің мол болуы, су қоймаларының айналасында демалу - бір қарағанда денсаулыққа пайдалы нәрселер болғанымен, жеке гигиенаны сақтамаса, олар ішек құрттарын жұқтырып алуға себепші бола алады. Ішек құрттарын кез келген жерден жұқтырып алуға болады: құмсалғыш, бақша, жағажай, балбақша және үйдің кіреберісі. Ал кей балалардың аузына қолын салу және тырнағын тістеу әдеті құрттарды жұқтырып алу қаупін одан сайын арттырады. Сондай-ақ үй жануарлары және сапасыз тағамдар арқылы да паразиттерді жұқтырып алуға болады. Ендеше, балада ішек құрттары бар екенін қалай анықтауға болады?

Бала ағзасындағы ішек құрттары несімен қауіпті?

Ішек құрттары - адам денесін өз мекені етіп пайдаланатын паразиттер. Олардың ағзада болуы жағымсыз салдарларға әкеледі: салмақ азаяды, ауырады және бірқатар аурулардың пайда болу қаупін арттырады. Ішек құрттары себебінен туындайтын кең тараған ауруларға аскаридоз, энтеробиоз, токсокароз, описторхоз және лямблиоз жатады.

Баланы қауіпсіздендіру үшін құрттардың бар екенін анықтаған бойда сәйкес шаралар қолдану керек.

Ішек құрттарының бар екенін көрсететін белгілер

Паразиттік ағзалардың түрлері көп, бірақ балаларда мыналар жиі кездеседі:

  • Аскаридалар. Олар жиі ішек және өкпе ауруларының пайда болуына себеп болады;
  • Жылан құрттар (острицы). Олардың ағзада болуы түрлі ішек және иммунды реакцияларға әкелуі мүмкін.

Құрттардың барын баланың үлкен дәретін визуалды қарау арқылы анықтауға болады. Сондай-ақ қан анализі де жақсы нәтиже көрсетеді.

Бұл проблеманы анализдермен қатар бала жағдайына және әрекетіне қарап анықтауға болады.

Бала ағзасында ішек құрттарының барын мына белгілерден білуге болады:

  • Бала дене массасының азаюы;
  • Анал тесігі айналасының қышуы;
  • Таңертең жүрек айну;
  • Ұйықтап жатқанда тісін шықырлату;
  • Түнде аузынан сілекейдің көп ағуы;
  • Іш қату;
  • Тісжегі;
  • Кіндік тұсының ауыруы;
  • Терінің бозаруы;
  • Көз астының көгеруі;
  • Нашар тәбет;
  • Санының және білегінің қызарып, бөртіп кетуі.

Әрине, бөлек-бөлек бұл белгілер басқа аурулардың себебі болуы мүмкін. Бірақ баладан олардың бірден бірнешеуін байқасаңыз, бұл ішек құрттарының белгісі болуы әбден мүмкін. Қалай десе де, бұлар - баланы дәрігерге көрсетуге себеп.

Емдеу жолы

Өздігінен ем бастауға болмайды. Алдымен проблеманың бар-жоғын нақты анықтау қажет. Ол үшін ауруханаға барып, қан және нәжіс анализін тапсыру керек. Ауруханада құрттардың бар-жоғын анықтап, тіпті микроағзаның түріне дейін айтып бере алады. Содан соң ғана ем түрі таңдалады. Дәрілерді дәрігер кеңесінсіз ішу рұқсат етілмейді. Себебі бақылаусыз ішілген дәрі бала ағзасына, керісінше, зиянын тигізуі мүмкін.

Неліктен ұйықтап жатқанда ауыздан сілекей ағады? Мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова