БҚО-да құтқарушыны жарақаттаған тұрғын ұсталды

БҚО-да құтқарушыны жарақаттаған тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Су тасқынына байланысты өз міндетін атқарып жүрген төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерін пышақпен жарақаттаған Казталов ауданы Жалпақтал ауылының тұрғыны ұсталды.

Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды. Құқықбұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетейік, Орал қаласында және облыстың бес ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен полиция суды сору және адамдарды құтқару бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Жалпы су тасқынына қарсы жұмыстарға 919 қызметкер мен 132 қызметтік техника жұмылдырылды, оның 700-ден астамы - полиция қызметкері.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да ер адам тұрғындарға көмектесуге барған құтқарушыны пышақтап кеткені хабарланды.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құтқарушы Қазталов ауданындағы ауруханада жатыр. Ер адам құтқарушының арқасына пышақ сұғып алған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!